Ойыл өзенінде балық қырылып жатыр
2019 ж. 01 сәуір
3150
0
Энергетика министрлігі Ойыл өзенінде балықтардың қырылуына байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қызылқоға ауданындағы Ойыл өзенінің жағасында қырылған балықтар бейнеленген видео тараған болатын. Бұл фактіні Атырауда жүрген ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Нариман Жүнісов растады. Бүгін Энергетика министрлігі аталмыш факт бойынша хабарлама таратты.
«Ойыл өзені Қазақстанның батысында орналасқан. Бастауы Ақтөбе облысындағы Мұғалжар тауларынан басталып, шығыстан батысқа қарай Атырау облысы арқылы ағады. Ойылдың ұзындығы - 800 шақырым. Бассейн аумағы - 31 500 км². Ақтөбе өзеніне құяды. Өзен арнасы Каспий теңізі мен Жайық өзенінен айтарлықтай қашықтықта жатыр», - делінген хабарламада.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, беткі сулардың сапасына өндірістік факторлар әсер етпейді. Себебі, Ойыл өзені Атырау қаласынан 400 шақырым жерде ағып жатыр. Өзеннен 100 шақырым қашықтықта «Сағыз Петролеум Компани» компаниясы мұнай өндіру бойынша жұмыс жүргізуде. Сонымен бірге, өзеннен 25 шақырым жерде «Фирма Ада» ЖШС геологиялық барлау жұмыстарын 2018 жылдың 3 тоқсанында аяқтаған.
«Алдын ала ақпарат бойынша, Атырау облысы арқылы ағып өтетін өзен аумағында 5 тонна балық қырылған. Оқиға орнына арнайы комиссия шықты. Ол комиссияның құрамына Атырау облысының мемлекеттік органдарының, Энергетика министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары кірді. Олар балық пен судың сынамасын тексеретін болады», - делінген хабарламада.
Ақтөбе облысы тарапынан балықтың қырылуы тіркелмеген.
«Десе де, Ойыл өзенінің беткі суларының жағдайына талдау жасау мақсатында «Қазгидромет» РМК мен Ақтөбе облысы бойынша Экология департаментінің мамандары шықты. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері халықпен бірлесіп, қырылған балықтарды жинау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. АШМ мамандарының алдын ала нұсқасы бойынша, балықтардың қырылуына Ойыл өзенінің беткі суларында оттегінің жетіспей қалуы себеп болған», - деп хабарлайды Энергетика министрлігінен.
Қазіргі уақытта Ойыл өзеніндегі жағдай және экологиялық ахуалды анықтау мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр.