Жайықтағы балықтың қырылуынан қанша шығын келгені белгілі болды
2019 ж. 14 наурыз
2077
0
Атыраудағы Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылуынан 430 миллион теңгеден астам шығын келген. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Нариман Жүнісов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жүнісов балық бірнеше ошақта жаппай қырылғанын айтты.
"Бірінші арнадан 1,3 тонна жиналды, шығын – 1,25 миллион теңге. Жайық өзенінен 8,65 тонна алынды, шығын мөлшері – 8,5 миллион теңге. Жайық-Атырау зауытында қырылған бекіре тұқымдас балықтардан (1,8 тонна) 424,8 миллион теңге шығын келді", - деді ол брифингте.
Жүнісов мұның тек болжамды деректер екенін, шығын мөлшері әлі де өсуі мүмкін екенін ескертті. Жалпы шығын толық талдау жасалғаннан кейін ғана есептеледі.
Оның айтуынша, 11 наурызда Атырауда 111,4 тонна өлі балық жиналып, жойылған. Оның 103 тоннасы – Луговой ат зауыты мен Жайық-Атырау балық өсіру зауытында жасанды жолмен өсірілген бекірелер.
"Осыншама бекіреден айырылып қалғанымыз өкінішті, әрине, біз оларды өсіру үшін бар күш-жігерімізді салып едік. Алайда бұл 103 тонна – жасанды жолмен өсірілген балықтар, сондықтан Жайық өзеніндегі табиғи популяцияға ешқандай әсерін тигізбейді", - деп сендірді Жүнісов.
11 наурыздағы жағдай бойынша табиғи популяциядан 8,6 тонна өлі балық жиналған.