Өскемен еліміздегі ең лас қалалардың үштігіне енді
2019 ж. 11 наурыз
4547
0
«Осы көрсеткішті мейлінше жақсартудың бір жолы – шаһарға газ тарту», – дейді табиғат жанашырлары. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Алайда қаланы газдандыру мəселесі талай жылдан бері көтерілгенімен, əзірге бұл тұрғыда нақты бір жоба қолға алынған емес. «Қалаға көгілдір отын жетсе, үнемі көк түтін басып тұратын шаһар экологиясы оңалар еді», – дейді мамандар.
Өскемендегі бірнеше ықшам аудан тұрғындары осыдан 60-70 жыл бұрын газ тұтынған екен. Қаладағы қоғам белсенділерінің бірі Геннадий Корешков сол кезді жақсы біледі. Айтуынша, көгілдір отын ол уақытта жұртқа тасымалдап жеткізілген.
Геннадий Корешков, қоғам белсендісі:
- Тасымалды газ орталықтандырылған жүйемен таратылатын. Шамамен 1 айға дейін жететін еді. 90-жылдары отын тасымалы тоқтатылды. Осылайша бүгінде тек санаулы үй ғана көгілдір отын игілігін көріп отыр. Есесіне қала ішінде қараусыз қалған газгольдер көп.
«Қаланы газбен қамтамасыз ету тұрғындардың шаруасын жеңілдетіп қана қоймай, қоршаған ортаның тазаруына ықпал етер еді», – дейді мамандар. Өнеркəсіптік түтінді өз алдына былай қойғанда, шаһарда 22 мыңнан астам жер үй, екі ірі жылу электр орталығы, 20-ға жуық қазандық бар. Барлығы да қатты отын тұтынады.
Дмитрий Кавригин, облыстық Экология департаментінің басшысы:
- Газ құбырын тартудың экологиялық тиімділігі зор. Осы отын түрін тұтынатын болсақ, ешқандай қалдық қалмайды. Яғни зиянды қалдықтарды жоюға, залалсыздандыруға кететін шығындар үнемделеді. Нəтижесінде экологиямыз бірнеше есеге тазарар еді.
Облыс орталығына газ құбырын жеткізудің тек екі жолы ғана қарастырылған. Бұл – талай алқалы жиында айтылып, нақты қолдау таппай келе жатқан шаруа.
Дархан Тоқтаров, облыстық энергетика жəне ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
- Өскеменге газ жеткізудің 2 нұсқасы бар. Бірінші – РФ магистарьлдік құбыры Рубцовск қаласынан тарту, екінші – Зайсанның Сарбұлақ кен орнынан, əзірше бұл екеуі нұсқа ғана, əлі нақты шешім жоқ.
Əзірше Сарбұлақтың қойнауынан шығып жатқан көгілдір отынның рахаты зайсандықтарға ғана бұйырыпты. Аудан бойынша 9 елді мекенде мыңға жуық, ал орталықта 2 мыңнан астам үй газ құбырын тартып алған. Енді Тарбағатайдағы 8 ауылға газ жеткізудің сметалық құжаттамалары тиісті орындарға жіберілді.
Айта кету керек, мамандардың мəліметінше, Сарбұлақтың бойында 4,6 милллиард текше метр көгілдір отын қоры бар. Бірақ бұл көрсеткіш одан да көп болуы ықтимал. Осы орайда жуық арада ол жерде тағы да барлау жұмыстары жүргізілмек.