Наурызда 80 мыңнан аса түлек ҰБТ тапсырады
2019 ж. 25 ақпан
2817
0
Осы жылдың наурыз айында өткізілетін Ұлттық бірыңғай тестілуге өтініш қабылдау аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ұлттық тестілеу орталығына сілтеме жасап.
«Республика бойынша наурыз айында өткізілетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш қабылдау 154 ҰБТ өткізу пунктерінде жүргізілді. Өтініш қабылдау осы жылдың 1-15 ақпан аралығында жүргізілген еді», - деп хабарлайды Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметінен.
Наурыз айындағы ҰБТ-ға қатысуға 80042 оқушы ниет білдірген. Оның ішінде 62678-і қазақ, 17086-ы орыс, 278-і ағылшын тілінде тапсырады.
«ҰБТ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы №204 бұйрығымен бекітілген Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына сәйкес ағымдағы жылы 24-29 наурыз аралығында өткізіледі. ҰБТ-ға осы жылы жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген білім беру ұйымдарының бітірушілері қатысады», - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, үстіміздегі жылдың 18-20 қаңтар күндері өткен алғашқы ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілген болатын. Алғашқы білім сынағына еліміз бойынша 34 687 талапкер қатысты. Оның 9-ы мүмкіндігі шектеулі жан. Қатысушылардың санаты келсек, 29 789 - 11 (12) сынып оқушылары, 3 268 - шартты түрде түскендер, 2 781 - шығармашылық мамандықтан басқа мамандыққа ауысушылар.
Тестілеу сынағына 35 838 талапкерден өтініш түсіп, оның 25 615 қазақ тілінде, 10 162 орыс тілінде және 61 ағылшын тілінде тапсырды. Қысқы ҰТБ нәтижесінде 24 012 (69%) түлек белгіленген шекті деңгейден өтті, ал 10 675 (31%) тиісті 50 балды жинай алмады.