Қарағандыда жас сарбаз өз-өзіне оқ атып, мерт болды
2019 ж. 21 ақпан
2704
0
Қарағанды облысы Долинка кентіндегі 6505 әскери бөлімінің күзет бекетінде сарбаз өлі күйінде табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«20 ақпан таңертеңгі сағат 07.30 шамасында 6505 әскери бөлімінің 2-атқыштар батальонында мерзімді әскери борышын өтеп жүрген қатардағы сарбаз Әліби Сапа қылмыстық атқару жүйесі мекемесін күзету бойынша қызметін орындау барысында өз басына оқ атып алды. Салдарынан ол қаза болды», - деп мәлім етті «Орталық» Аймақтық қолбасшылығының баспасөз қызметінен.
Көз жұмған сарбаз 2000 жылы туған. Мерзімді әскери қызметке 2018 жылдың желтоқсанында Алматы облысы Талғар ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен шақырылған.
Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталуда. Орталық аймақтың Әскери-тергеу басқармасының жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Олар қызметтік тексеріс өткізуде. 6505 әскери бөлімінің қолбасшылығы қаза болған қатардағы әскери қызметші Әліби Сапаның туған-туыстарына қайғыра көңіл айтты.