Алик Шпекбаев №083, №086 анықтамаларынан бас тартуды ұсынды
2019 ж. 08 ақпан
2720
1
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қажетсіз құжаттарды қолданыстан алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Агенттік төрағасы «Адам қызмет үшін» емес, «Қызмет адам үшін» ұстанымымен жұмыс істеуге шақырды.
«Көптеген мәселелер бойынша ескі советтік жүйеге байланып отырмыз, ешкімге керегі жоқ анықтамаларды талап етеміз. Алдыңғы қатарлы елдерде мұның бірі де жоқ. Мәселен, №083, №086 анықтамаларының не қажеті бар деп ойлаған жан бар ма? Көп жағдайда бұл анықтамалар шешімге ықпал етпейді. Абитуриенттің көзі нашар көрсе де, ЖОО-ға ала береді. Есесіне, дәл осы анықтамаларды жасайтын тұтас индустрия бар. Шын керек болған жағдайда бұл құжаттарды электронды түрде қарайтын мүмкіндіктер ашу керек. Басқа қандай құжаттардан арылу керек, баршаңызды ой қосуға шақырамын», - деді ол МҚІСЖҚІА алқасының кеңейтілген отырысында.
Ол электронды мемлекеттік қызметтерді дамыту - тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жеңудің бірден-бір жолы екенін еске салды.
«Соңғы үш жылда электронды мемлекеттік қызмет саны 48% көбейіп, қағаз жүзіндегі қызметтер бес есеге азайды. Қызмет көрсетудің ыңғайлы және қолжетімді мобильді-цифрлық инфрақұрылымын жасау маңызды», - дейді агенттік төрағасы.