Қазақстанда мұғалімдер 48 жасында зейнетке шығуы мүмкін
2019 ж. 11 қаңтар
4356
0
Білім және ғылым министрлігі "Педагог мәртебесі" туралы заң жобасында 30 жылдық еңбек өтілі бар ұстаздарды зейнетке ерте шығаруды ұсынып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Педагог мәртебесі" туралы заң жобасы президенттің тапсырмасымен әзірленген болатын. Білім және ғылым министрлігі әзірлеген заң жобасы шамамен ақпан айында депутаттардың қарауына түседі.
Бүгін Астанадағы мектепте заң жобасын талқылау барысында білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева құжаттағы негізгі баптарға тоқталды.
Заң жобасында "педагог белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін педагогикалық жұмысының отыз жылдық өтілі болған жағдайда зейнеткерлікке шығуға әлеуметтік кепілдіктерге ие" деп жазылған.
Суханбердиеваның айтуынша, отыз жыл еңбек өтілі бар ұстаздар зейнетке ерте шыға алады. Яғни жоғары оқу орындарында оқыған жылдар (4-5 жыл) еңбек өтілі болып саналатындықтан, мұғалімдер бұл әлеуметтік кепілдікке ие болу үшін 26 жыл үздіксіз мұғалім болып жұмыс істесе жеткілікті. Мұны Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұсынған.
Мәселен, 17 жасында жоғары оқу орнына түссеңіз, 21 жасында университетті тәмамдайсыз. Осыдан кейін 26 жыл үздіксіз мұғалім болып жұмыс істесеңіз, 48 жасында зейнетке шығуға құқыңыз бар.
Бірақ, қазір Суханбердиеваның айтуынша, ұстаздарға таңдау беріліп отыр.
"Не мұғалімдер отыз жыл еңбек еткеннен кейін зейнетке шығады не әрі қарай жұмысын жалғастырады. Осындай таңдау ұсынып отырмыз. Өйткені, сіздер білесіздер, қазір мұғалімдердің көбі жұмысынан кеткісі келмейді", — деді вице-министр.
Ұстаздардың ұсынысы қамтылған заң жобасы мемлекеттік органдарға жіберілген. Ондағы ұсыныстардың қабылданып-қабылданбайтыны уақыттың еншісінде.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашева бала күтімімен отырған жылдар мұғалімнің еңбек өтіліне қосылатынын атап өтті.
"Әйелдердің көбісі бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан кезде еңбек өтіліне кірмей қалады деп уайымдайды. Бала күтімімен отырған жылдар мұғалімнің педагогикалық еңбек өтіліне қосылады", — деді ол.
Сондай-ақ, заң жобасына ұстаздардың барлығына 56 күн жыл сайынғы еңбек демалысын беру нормасы енгізілген. Мұқашеваның айтуынша, қазір балабақшада істейтін тәрбиешілер, әдіскерлер 42 күн демалады. Ал мектеп, жоғары оқу орындары мен колледж мұғалімдеріне 56 күн еңбек демалысы беріледі.
"Ұстаздардың психо-эмоционалды жүктемесі өте көп, олар көп шаршайды. Сондықтан тек қана мектеп ұстаздарына ғана емес, бүкіл білім беру ұйымдарында істейтін ұстаздарға бәріне бірдей 56 күн еңбек демалысы беріледі", — деді Мұқашева.