Солтүстік Қазақстан облысында мұражай құрылысына 2 млрд теңге бөлінеді
2018 ж. 26 желтоқсан
2182
0
Солтүстік Қазақстан облысында Ботай мәдениетінің музейі салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құмар Ақсақалов Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында өңірде Ботай мәдениетінің музейін - энеолит дәуіріндегі тайпалар мәдениетінің ескерткішін салу жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, бұған 2019 жылы республикалық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінеді.
Ботай қонысы Айыртау ауданында орналасқан. Шетелдік зерттеушілер жылқы малы алғаш рет біздің заманымызға дейінгі төртінші мың жылдықта Солтүстік Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін растап отыр.
Осы қоныс туралы Құмар Ақсақалов Қазақстан мен Ресейдің президенттеріне Петропавлда өткен XV Өңіраралық ынтымақтастық форумында айтып берген болатын. Жергілікті билік туризмді дамыту бойынша ауқымды жоспар жасап отыр. Облыс әкімі Имантау-Шалқар курорттық аймағын дамыту жоспарының жасалып жатқаны, Астана мен Ресейдің өңірлерін жалғайтын автомобиль жолдарының күрделі жөнделгенін айтты.
Облыс әкімдігінің өкілдері соңғы екі жылда Ресей Федерациясының өңірлерінен Солтүстік Қазақстанға келген туристердің саны екі есе артқанын айтып отыр. 2019 жылы бұл көрсеткіш тағы да еселене түседі деген үміт бар.