Әкімдік қызметкерлері балалар лагерінде тұрып, ақы төлемеген
2018 ж. 16 қараша
2465
0
Қостанай облысында ауыл әкімдіктерінің бірінде әкім аппараты қызметкерлері балалар лагерінде уақытша тұрып, оны жалдау ақысын жарты жылға жуық уақыт төлемеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасынан атап өткендей, мұндай фактілер қоғамдық бақылау картасының аясында жүргізіліп отырған жұмыс барысында анықталуда.
«2018 жылдың 2 қарашасында ҚР Мемлекетік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысындағы департаментіне Денисов ауданындағы Денисовское ауылының тұрғынынан «Денисов ауданы әкімінің аппараты» ММ лауазымды тұлғаларының сол ауылда орналасқан «Солнечный» балалар лагерінде тұрып, 2018 жылғы сәуір-қазан айлары аралығында оның жалдау ақысын төлемегені туралы ақпарат келіп түсті», - деп хабарлады ведомстводан.
Әкім аппараты лауазымды тұлғаларының «Солнечный» балалар лагерінде қызметтік баспаналарында жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде тұрғаны анықталды.
«Департаменттің араласуынан кейін, яғни 2018 жылғы 6 қарашада аудан әкімі аппаратының лауазымды тұлғалары баспананы жалдағаны үшін 335 400 теңге көлеміндегі соманы төлеген», - деп түсіндірді департаментте.
Осыған байланысты, департамент Қостанай облысындағы мемқызметкерлердің заңға қайшы әрекеттері туралы хабарлауға болатын сенім телефоны 8 (714-2) 393-165, WhatsApp мессенджерінің нөмірі 8-707-602-14-24, сондай-ақ agskos@mail.ru электрондық поштасы жұмыс істейтінін еске салады.