Денис Тенді өлтіргендерді мақтаған ұстазға қатысты сот үкім шығарды
2018 ж. 24 қазан
3274
0
Шығыс Қазақстанда мектеп ұстазының төрт жылға бас бостандығы шектелді, деп хабарлайды сот залынан Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мектепте ұстаз болып жұмыс істейтін Шерхан Байзенов 19 қазан күні қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен өлгеннен кейін Facebook желісінде оны пышақпен жарақаттағандарды мақтап пост жазған. Сондай-ақ, постта марқұмды "қытайлық" деп шатастырған.
Осы посттан кейін қоғамда резонанс туып, мұғалімнің үстінен іс қозғалды. Өз кезегінде Байзенов Денис Теннің кім екенін білмейтінін айтып ақталған. Сондай-ақ, ол қазақстандықтарға кешірім сұрап видео үндеу жолдады.
Сотта Шерхан Байзенов жылап кешірім сұрап, сырқаттанған анасына қарауы керектігін айтқан.
Азаматтың төрт жылға бас бостандығы шектелді. Яғни ол арнайы инспекцияның бақылауында болып, ай сайын өзі туралы ақпарат беріп отырады. Бұдан өзге азаматтың осы инспекцияның рұқсатынсыз тұрғылықты мекенжайын, жұмысын және оқу орнын өзгертуге құқығы жоқ. Жұмыс пен оқудан бос уақытын тұрғылықты мекенжайы бойынша өткізуге мәжбүр.
Естеріңізге сала кетсек, танымал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні Алматының орталығында ұрылардың қолынан өлді. Спортшы олардың көлігінің айнасын ұрлағалы жатқан жерден үстінен түсіп, кейін соңдарынан жүгіреді. Осы кезде ұрылардың бірі Денис Тенді пышақпен жарақаттайды. Араға бірнеше сағат салып Денис Тен көп қан жоғалтқандықтан, ота үстелінде көз жұмды. Ол небәрі 25 жаста еді.