БҚО-да 300-ден аса полицей қызметінен қысқартылады
2018 ж. 18 қазан
2989
0
Батыс Қазақстан облыстық ІІД-де 300-ден аса полиция қызметкері қызметінен қысқартылмақ.
Бұл туралы «Мой город» порталына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Облыстық ІІД басшысының орынбасары Берік Аймурзиннің сөзінше, алдағы уақытта құқық қорғау жүйесінің оңтайландыруына байланысты полиция қызметкерлері өздеріне тиесілі емес міндетті атқармайтын болады. Десе де басшының орынбасары қандай міндеттер туралы сөз болып отырғанын айтуға қиналып қалды. Тек елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жоба дайындалып жатқанын мәлімдеді.
«Осыған байланысты, ІІД атауы полиция департаментіне өзгертіліп, тек полициялық қызметпен айналысатын болады», – дейді Берік Аймурзин.
Сонымен қатар ол 2019 жылы полицейлердің бәрі аттестациядан өтетінін мәлімдеді.
«Бүгінгі күннің талаптарына жауап бере алатын, сауатты, тиісті заңгерлік білімі бар қызметкерлер ғана ішкі істер органдарында қалады. Қазіргі уақытта біз жеке құрам қызметкерлерінің 10 пайызын қысқартуды бастадық», – дейді Аймурзин.
ІІД басшысының орынбасарының сөзінше, бүгінде Батыс Қазақстан облыстық ІІД-нің жеке құрамында 3 жарым мың қызметкер бар. Олардың 300-ден астамы қысқартуға ұшырайды. Десе де полиция департаментінің басшылығы мұндай сан тек болжам ғана дейді.