Қызылорда облысында жемқорлық үшін 6 әкім ұсталған
2018 ж. 15 қазан
3972
2
Жыл басынан бері Қызылорда облысында сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін 6 әкім ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасына сілтеме жасап.
Осы жылдың басынан бері Қызылорда облысында 6 әкім сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылған. Бұл жайында өңірде жергілікті атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлық қылмысы тақырыбында өткен жиында айтылды.
«Жыл басынан бері облыста 6 кент және ауылдық округ әкімі сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған. Оның ішінде 3 ауыл әкімі пара алғаны үшін, қалған үшеуі қызмет бабында жалған құжат жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды», — деді ұлттық бюроның облыс бойынша департаментінің басқарма басшысы Бақытжан Ниязов.
Атап айтқанда, Қазалы ауданы Басығара ауылдық округі, Шиелі ауданы Гигант ауылдық округі және Қызылорда қаласы Белкөл кенті әкімдері жер телімін беру үшін пара алса, Арал ауданының Жақсықылыш кенті мен Жаңақорған ауданының Шалқия мен Төменарық елді мекендерінің әкімдері жалған құжат жасаған.