Қазақстандықтарға тұмаудың жаңа түрі қауіп төндіреді
2018 ж. 15 қыркүйек
3193
0
Қазақстанда 1 қазаннан бастап тұмау мен өзге де аурудың алдын алатын екпе салынады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің күзет комитетінің басшысы Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды Қазақпарат.
“Биыл біз қазаннан бастап вакцинациялауды бастаймыз. Қазақстанға 1,5 миллион доза вакцина жеткізілді. Облыстық әкімдіктер осы мақсаттар үшін 1 200 млн теңге жұмсады. Біз ең тиімді уақытта, қазан, қараша, желтоқсан айының бірінші жартысында егуді аяқтауға тырысамыз. Қазан айында вакцинациялау тиімді”, – дейді Жандарбек Бекшин.
Қазан айында екпе салдыру басталады. Кей өңірде одан ерте басталуы да мүмкін.
Айтуынша, биыл тұмаудың А(HINI) – Мичиган, А (H3N2) – Сингапур, В-Колорадо штампты үш түрі жүреді.
“Екпе барлық аймаққа жеткізілді. Ең қауіпті штамп – А (H3N2) – Сингапур, бұл тұмаудың жаңа түрі. Біздің халықтың ағзасын оған үйренбеген. Қауіптілігі де сонда”, – дейді Бекшин.
Мәліметке сүйенсек, Қазақстанның 10 пайыз тұрғыны жыл сайын екпе салдырады.
2018 жылы мемлекет есебінен Ресейде жасалған 1,5 млн доза «Гриппол +» екпесі алынды. Екпе A(H3N2), А(H1N1), В штампты тұмау түріне қарсы. Қазақстанда тұмауға қарсы тағы үш түрлі екпе бар. Олар «Ваксигрип», «Ваксигрип Тетра» (Франция), «Инфлювак», (Нидерланды) және Қытай өндірген екпе.
“Жыл сайын әлемде 500-700 адам тұмаудан қайтыс болады. Бұл өте қауіпті ауру. Былтыр Қазақстанда адам өліміне қатысты бір жағдай тіркелді”, – деді Жандарбек Бекшин.
Жандарбек Бекшин бұл ауруға бей-жай қарамауға шақырды.