Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев еліміздің 2018 ж. сегіз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындыларын қарау барысында орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бақытжан Сағынтаев өңір басшыларын сынға алды
2018 ж. 12 қыркүйек
2075
0
Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменовтың, қаржы министрі Б. Сұлтановтың баяндамаларын тыңдағаннан кейін, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бюджеттік қаражаттар елеулі сомада игерілмей қалған министрліктерге талап қойды. Мәселен, Қорғаныс министрлігінде республикалық бюджеттен бөлінген, игерілмеген қаражат сомасы — 15,4 млрд теңге, Мәдениет және спорт министрлігінде — 11,1 млрд теңге, Ауыл шаруашылығы министрлігінде — 10,9 млрд теңге, Ішкі істер министрлігінде — 9,5 млрд теңге, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде — 5,7 млрд теңге.
«Бұл өте үлкен қаражат сомасы, бұл ақшаға көптеген мектеп, аурухана, балабақша салып, жолдарды жөндеуге болады. Бұл қаражаттар уақытылы игерілуі тиіс», - деп Премьер-Министр, игерілмеген қаражаттар ведомстволардың теңгерімінен алынып, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға қайта бағытталатынын атап өтті.
Экономикалық өсім көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген өңірлерге де жекелей назар аударылды.
Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев 2018 ж. сегіз айында республикалық бюджет қаражаттары 90%-ға игеріліп, игерілмеген сома 2,9 млрд тг құрағанын мәлімдеді.
Түркістан облысының әкімі Ж. Түймебаев 1,9 млрд тг сомасында республикалық бюджеттен бөлінген, игерілмеген мақсатты трансферттер туралы баяндады.
Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгіновтың айтуынша, жыл басынан бері өнеркәсіп бойынша тұрақты теріс мән байқалатынын атап өтті. Сонымен қатар, маусым айынан бастап оның теріс мәні артуда. Республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттердің игерілмеу сомасы 1,4 млрд тг құрады.
Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов өңірдегі игерілмеген мақсатты трансферттер сомасы 1,3 млрд тг құрағанын айтты.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов 2 млн тг астам айналымы бар ШОБ саны 10 887 бірлікті немесе облыстығы жалпы жұмыс істеп тұрған ШОБ-тің 38% құрағанын, бұл жалпы республикалық мәннен 9,9%-ға жоғары екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттердің игерілмеу сомасы 1,3 млрд тг құрайды.
Әкім А. Мырзахметов Жамбыл облысындағы игерілмеген сома 1,1 млрд тг құрағанын жеткізді.
Аталған мәселені қарау қорытындысын шығара отырып, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев әкімдерге ағымдағы жағдайға талдау жасап, экономикалық өсімнің мақсатты көрсеткіштерінің орындалмауына жол берген, басшылардың жауапкершілігін қарауды тапсырды.
«Мемлекет басшысы кемінде 4% өсімді қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Алайда статистикалық деректерге сүйенсек, 8 айдың қорытындысы бойынша өсім 3,8% құрады. Тимур Мұратұлы (Сүлейменов) өз баяндамасында атап өткеніндей, жыл соңына дейін 4% өсімге қол жеткізу үшін, бізге ай сайынғы өсімді орта есеппен 4%-дан жоғары деңгейде қамтамасыз ету қажет. Атқаратын жұмыс көп», - деп Б. Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары А. Маминнің айтуына сәйкес, жұмыс тамыз айындағы демалыстарға және басқа да себептерге байланысты кешеуілдеп қалғанын атап өтті.
Айта кету керек, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, еліміздің экономикалық өсімінің төмендеуіне сыртқы факторлар мен турбуленттілік те әсер етуде.
«Әрине ішкі және сыртқы қолайсыз факторлар бар, алайда бұл тапсырмаларды орындамауға себеп емес. Бізде Президенттің тапсырмаларын іске асырып, осы жылды табысты аяқтай алатындай барлық мүмкіндік бар. Сондықтан да бұл мәселеге мұқият жауапкершілікпен қарауды тапсырамын. Әкімдерге жергілікті жерлерде мән-жайды анықтап, жұмысын тиісінше атқармаған басшылардың жауапкершілігін қарауды тапсырамын. Қабылданған шаралар мен тәртіптік жазалар туралы ақпаратты бір апта мерзім ішінде Премьер-Министр Кеңсесіне ұсыныңыздар», - деді Премьер-Министр.