Қатыгез ана аптап ыстықта үш баласын көлікке қамап тастаған
2018 ж. 14 тамыз
3278
0
Күйеуіне ерегіскен әйелі балаларын өлтірмек болды. Үш бірдей баласын аптап ыстықта көлікке қамап, айдалаға тастап кеткен келіншектің ісі көптің жағасын ұстатты. Бір баласы сал ауруына шалдыққан екен. Абырой болғанда, көлікте тұншыққан оларды туған әкесі дер кезінде тауып алып, ауруханаға жеткізген. Ал қатыгез ана полицейлердің қолына түсті.
Бұл туралы otyrar.kz хабарлады.Розимурад, Хусимурад, Раушананы аптап ыстықта көлікке қамап кеткен өз аналары болып шықты. Өмірмен арпалысқан балақайлар, тұншығып жатса да көліктің сигналын беріп, көмекке шақырған. Оны бірінші болып, әкелері естіп, ыстыққа тұншыққан балдырғандарын сыртқа шығарады. Алты жастағы Розимурадқа ауа жетпей құлаған соң, жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға жеткізеді.
Ділмұрад, балалардың әкесі: «Мен тауып алғанда балалар терлеп кеткен. Балалардың ыстығы көтерілген. Жедел жәрдем келіп барлығын тексерді. Екі сағат бақылауда болды. Егер сол кезде мен білмей қалғанда, балалар өліп кетер ме еді?».
Ділмұрад бұрынғы әйелінің мұндай қадамға баруына арадағы жанжал себеп дейді. Ол өзінің әйелімен бес жыл бұрын ажырасып кеткенін алға тартты. Содан бері бала-шағасының мазасын алып, ұрып соғатынын біледі екен. Қолына алуға қауқары жетпейді. Екінші рет шаңырақ көтеріп, екі балалы болғанын да жасырмайды. Сондықтан да, балаларын анасына емес, балалар үйіне өткізуді сұранды.
Білім бөліміндегілер «Полицейлерге арыз жазған. Қазір анасын күтіп отырмыз. Екі жақты да тыңдау керек» деп отыр.
Білім бөлімінің мамандары қатыгез ананы ұзақ күтті. Балаларын өлімге қиған келіншекті тәртіп сақшылары тауып, полиция бөліміне әкелді. Әйел перзенттеріне қиянат жасағанын мойындады.
Зухра, балалардың анасы «Ажырасып кеткен күйеуімнің мамасының сөзіне бола тастап кеттім. Мамасы «иттен туғансың» деді. Сол итке бала — шағамды тастам кеттім. Көрсін, бақсын балаларын».
Жауапсыз ананың бұл ісіне байланысты полицейлер екі жақтан түсініктеме алып, тиісті құжаттарды арнайы комиссияға өткізеді. Комиссияның шешімі бойынша туған перзенттерін далаға тастап кеткен анаға шара көрілмек. Бірақ Ділмұраттың өзі балаларын ажырасқан әйеліне бергісі жоқ. Тағы да ерегісіп, кішкентайларға кесірін тигізе ме деп қорқады.
Қазір балғындар әкесінің қарауында. Отағасы екінші отбасын сақтап қалу үшін, амалсыздан үш перзентін балалар үйіне өткізбек. Бірақ соңғы шешімді балалардың құқығын қорғайтын комиссия шығарады.