Әсет Исекешев пен Динара Сәтжан жаңа оқулыққа енді
2018 ж. 08 тамыз
6870
1
"Өлкетану" оқулығын білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша "Алматы кітап баспасы" басып шығарды. Екі тілде шыққан оқулық 5-7 сынып оқушыларына арналған. Жаңа оқу құралындағы материалдар Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті, география бойынша негізгі мектеп бағдарламасын қайталамай, толықтырады, дейді кітап авторлары.
Бұл туралы sputniknews.kz хабарлады.Оқу бағдарламасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен «Туған жер» мемлекеттік бағдарламасының негізінде жазылған. Бағдарламаның мақсаты — өскелең ұрпақтың бойында потриоттық сезімді қалыптастырып, Отанға деген сүйіспеншілікті ояту.
"Біздің баспаның Қазақстанның салт-дәстүрі, мәдениеті, тарихы бойынша кітап басып шығарудан үлкен тәжірибесі бар. Осы баспадан шыққан "Менің Қазақстаным" топтамасы көпшілікке белгілі. Еліміз тарихының жарқын беттері, оның мәдениеті, салт-дәстүрі мен тұрмысы, бірегей географиялық нысандары және басқалары туралы мәліметтерді біздің көркем безендірілген альбомдардан табуға болады. Біздің осы тәжірибеміз "Өлкетану" сияқты жаңа қызықты пәнді қалыптастыруға үлкен көмегін тигізді. Осы оқулықты бізбен бірге жасап шығарған ғалымдарға, авторларға, эксперттерге үлкен алғысымызды білдіреміз", – деді "Алматы кітап баспасы" ЖШС-ның бас редакторының орынбасары Альмира Сужикова.
Оқулыққа төрт пән кіріктірілген
Оқулық Қазақстанның барлық облысы мен ірі қалаларының тарихы мен мәдениеті, әдебиеті негізінде жазылған. Сонымен қатар, әр облыста дүниеге келген танымал тұлғалар жайлы да ақпарат бар.
Оқулықта төрт пән кіріктірілген: Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті, музыка және география.
Кітап авторларының айтуынша, "Өлкетануды" мектепте оқытуға бір жылға 20 сағат бөлініп отыр. Арнайы жаңа маман даярлаудың қажеті жоқ. 20 cағаттың 12-сін тарих пәнінің мамандары жүргізеді. Жиырма сағаттың 5-еуі 5-сыныпқа, 7 сағат 6-сынып оқушыларына, ал қалған 8 сағат жетінші сынып оқушыларына арналған.
Авторлардың пікірінше, оқулық оқушының өз бетінше ізденіп, терең білім алуына көмектеседі.
Оқулықты сегіз мұғалім жазған
Алматы қаласы бойынша жазылған "Өлкетану" оқулығын 8 автор бір жылда жазған.
"Оқулықтың құрылымдық жағын "Ой" сөзімен байланыстырып алдық. Кітап "Ой серпін", "Ой қазына", "Ой қазық", "Біліп жүр" айдарынан тұрады. "Ой серпін" оқушылрадың қызығушылығын арттыратын айдар болса, "Ой қазықта" сабаққа қатысты жалпы мәлімет, "Ой қазына" айдарында тереңдетілген дерек берілсе, "Біліп жүр" бөлігінде тақырыпқа байланысты тың мәлімет келтірілген", — дейді оқулық авторларының бірі Гүлмира Рыскелдиева.
Әсет Исекешев блогерлер қатарында
Ал Астана қаласы жайында жазылған оқулықтың ішінде танымал блогерлер де жүр. Олардың арасында Астана қаласының әкімі – Әсет Исекешев, тележүргізуші Майя Бекбаева, журналист Динара Сәтжан бар.
Жалпы, оқулық қазақ тілінде жазылған. Орыс тіліне аударма жасалыпты.
Ал оқулықтың таралымы тапсырыс беруші облыстарға байланысты. Алайда авторлардың айтуынша, алдағы уақытта еліміздің мектептеріндегі 5-7 сынып оқушыларының барлығы жаңа оқулықпен қамтылады.