Жаңа омбудсмен ОҚО-дағы баланы зорлау ісін қолға алды
2018 ж. 15 маусым
3501
0
Сәуле Айтпаева мәлімдегендей, Оңтүстік Қазақстан облысында жеті жасар баланы зорлау ісін тергеу аяқталуы тиіс.
Жақында Қазақстанның балалар құқығы бойынша уәкілі болып тағайындалған Сәуле Айтпаева алдағы уақытта қызметінің негізгі бағыттары туралы айтты, деп хабарлайды Sputniknews.kz.
Тілшілер сенатордан балалар мәселесіне қатысты қандай проблемаларды бөліп қарастыратынын сұрады.
"Мынау басты, мынау қосалқы мәселе деп бөліп қарастыру мүмкін емес, өйткені мемлекеттік саясат бала құқығын кешенді қорғауға бағытталған. Сондықтан осы заңның орындалуын үкімет қадағалайды. Енді біз үкіметпен бірге, құзыретті мемлекеттік органдармен бірге әр бағыт бойынша жұмыс істейтін боламыз", — деді Айтпаева парламентте.
Күн тәртібіне қойылған мәселелер арасынан депутат білім беру, денсаулық сақтау және бала құқығын қорғауды кепілдендіру салаларын атап көрсетті. Сонымен бірге мемлекеттік органдар қызметінің айқын көрінуі маңызды екенін айтып өтті.
Бұрынғы омбудсмен Зағипа Балиеваның қызметінен кетуі туралы пікір білдіре отырып, Айтпаева мемлекеттік органдар, қорлар мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлесіп жұмыс істеуі орасан зор маңызға ие екенін айтты.
"Оңтүстік Қазақстан облысындағы оқиғаға қатысты айтар болсам, қылмыстық іс тергеліп жатыр, енді аяқталуы тиіс. Тергеу нәтижесі бойынша, қылмыстық-процестік кодексте көрсетілген органдар іске кіріскенде, әрі қарай не болатынын білеміз", — деді сенатор.
Ол осы іс бойынша Бас прокуратураға сауал жолдапты.
Бұдан бөлек, Айтпаева айтқандай, Қазақстандағы заң аясында және берілген құзыреті шеңберінде ата-аналар оған толығымен сенім арта алады.
12 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы жаңа балалар омбудсменін тағайындады. Мәжіліс депутаты Зағипа Балиеваның орнына сенат депутаты, генерал Сәуле Айтпаева балалар құқығы бойынша уәкіл қызметіне кірісті.