Мектепте еден жуушы болу үшін пара беру оңтүстікте ғана бар - Нұрсұлтан Назарбаев
2018 ж. 02 маусым
4012
0
Бүгін «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысында пара беру ушығып тұрғанына наразылық танытты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірде цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында есеп берген болатын.
"Қазіргі таңда ауруханаларда, емханаларда кезекке тұру бұрынғыдай емес, үйден кезекке тұру мәселесі, нақты мәліметтер алу мәселесі цифрландыру арқылы жүзеге асуда. Сондай-ақ бүкіл ауруханалар мен емханаларда келесі жылдың ортасына дейін толық компьютермен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз", - деді облыс басшысы.
Бұған Президент: "Осының барлығы барлық облыстарға, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысына қажет. Бұл облыс басқа салалардан қалып қалды деген сөз емес. Облыстың халқы тығыз қоныстанған. Ар жағындағы өзбек ағайындармен байланысымыз жақсарып келеді. Оңтүстік Қазақстанда бәсекелестік те өсіп келе жатыр. Олардың сауда-саттыққа, өз жұмысына деген ықыласы бізден гөрі артық екені белгілі. Егерде дайындалмасаңдар, қалып қаласыңдар. Барлық бизнеске сол ағайындар келетін болады",- деп ескертті.
Сонымен қатар Елбасы Оңтүстік Қазақстан облысында пара берудің өршіп тұрғандығына алаңдаушылығын білдірді.
"Ешқандай реніш болмауы керек. Әсіресе, жаңа өзің айтып отырған жұмысқа қабылдауға қатысты. Менде неше түрлі хабарлар бар. Мектепке, еденді жууға қабылдау үшін пара беру керек. Мектепке мұғалім болып орналасу үшін пара беру керек. Басқа облыстарда ондай жоқ. Тек қана сендерде бар", - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті жер сату, бизнесті дамыту, ауруханалар мен мектепке жұмысқа алу мәселелері цифрландырылатын болса, мұндай проблеманың жойылатындығын баса айтты.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/mektepte-eden-zhuushy-bolu-ushin-para-beru-ontustikte-gana-bar-nursultan-nazarbaev_a3272490