Мектептерде қоңырау орнына «Аққу» күйі ойнайды
2018 ж. 23 мамыр
4894
2
Қызылорда қаласының бірқатар мектептерінде үзіліс кезінде қоңырау орнына қазақтың күйі ойнайтын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жағымды жаңалық бұрыннан бері айтылып жүрген еді. Ендігі кезекте сол игі істің сәті түсіп отыр. Қазір облыс орталығындағы №1, 136, 264 орта мектептерде жас өрендер қоңыраудың орнына күй естиді.
«Бұл Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы негізінде қолға алынып отыр. Осылайша ұлттық құндылықтарды дәріптеп, оқушылардың халық өнерінің терең де нәрлі қасиеттерін бойларына сіңіруге жол ашылады», - дейді Қызылорда қалалық білім бөлімінің баспасөз маманы Бақыт Бектібайқызы.
Күнделікті үзіліс кезіндегі қоңырауды күймен алмастыру жөнінде ұсыныс аталмыш мектептердің ұжымы, ата-аналар комитетінің мүшелері және қамқоршылық кеңес келісімімен жүзеге асырылды.
«Жалпы, жас өрендердің бойында патриоттықты, елжандылықты, отансүйгіштікті дәріптеу мақсатында көптеген істерді қолға алып келеміз. Біздің мектеп оқушылары арасында ұлттық аспаптар оркестрі құрылды. Осындай өзге де ізгі істерге көңіл бөліп жүрміз» дейді №1 Қ.Мұхамеджанов атындағы мектеп-гимназия директоры Данабек Әбдірайымов.
Қоңырау орнына қазақтың «Аққу» күйі таңдап алынды. Болашақта барлық мектептерде қоңырау сәтінде қазақ күйлері ойнатылатыны жоспарлануда.
Әділжан Үмбет