Бұл туралы Өзбекстан Республикасының президенті Наманган облысына қарасты Нарын ауданына барған сапарында айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі gazeta.uz сайтына сілтеме жасап.
Шавкат Мирзиёев Генерал Сабыр Рахымовтың ескерткішін бұрынғы орнына қайта қоюды тапсырды
2018 ж. 04 мамыр
5049
0
Өзбекстан Президенті ескерткішті орнына қайтару тарихи әділдік болатынын айтты. Әрі "бұл шаруаны 9 мамырға дейін бітірген дұрыс болатынын" атап өтті.
Естеріңізде болса, генерал Сабыр Рахымовтың ескерткіші (1981 жылы ашылған) 2010 жылдың соңына дейін Ташкенттің орталығындағы Алмазар (бұрынғы Сабыр Рахымов) ауданы әкімдігі ғимаратының алдында тұрған болатын. Кейін сол кездегі президент Ислам Каримовтың бұйрығымен қазақ генералына орнатылған тас мүсін Ғафур Ғұлам атындағы саябаққа көшірілген еді. Аудан атының өзгертілуі қоғамды түрлі пікірталас туындатып, көпшіліктің талқысына түсті. Ғалымдар мен аудан өкілдері жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша тарихи атаудың қайта берілгені дұрыс деген пікір айтқан болатын.
Сабыр Рахымов 1902 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданы, Көкібел ауылында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болып, жас қалған Рахымовты шешесі (өзбек қызы) Өзбекстанға алып кеткен. 1922 жылы сол жақтан әскер қатарына шақырылған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда полк, кейін дивизия қолбасшысы болды. 1941 жылы шілдеде жау қоршауын бұзып шыққандағы батылдығы үшін 2-рет Қызыл Ту орденімен марапатталып, полковник шенін алды. Оның дивизиясы Дондағы Ростовта, Кавказда ұрыс жүргізді. Беларусьты, Польшаны азат етуге қатысты. Рахымов Ленин, 4 рет Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, 2-дәрежелі Суворов ордендерімен, медальдармен марапатталған. Ташкенттегі бауырластар зиратына жерленген генерал-майор Кеңес Одағының Батыры атанған.