Талғат Аян бостандыққа шығады
2018 ж. 15 сәуір
5134
5
Атырауда 2016 жылғы сәуірде өткен «жер шеруіне» қатысқаннан кейін бес жылға сотталған жергілікті белсенді Талғат Аян бостандыққа шығатын болды, - деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жайында Талғат Аянның әкесі әрі адвокаты Төлепқали Аянов хабарлады. Оның сөзінше, сәуірдің 13-інде Ақтөбе қалалық №2 соты қазіргі кезде осы қаладағы К-168/2 колониясында қамауда отырған Талғат Аянның ісі бойынша наурыздың 25-інде түскен өтінішті қараған.
— Судья Теңізбай Алданов Талғаттың жазасының қалған бөлігін бас бостандығын шектеу түріне өзгерту туралы шешім қабылдады. Прокурор қарсылық білдірген жоқ, сот шешімі сәуірдің 29-ында күшіне енеді, - деді Төлепқали Аянов.
2016 жылғы 24 сәуірде Атыраудағы Исатай мен Махамбет аланыңа жүздеген адам жиналған. Олардың «жерді шетелдіктерге жалға бермеу және сатпау» туралы талабын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ақордаға жеткізуге уәде еткен.
Атыраудағы митингіден кейін көп ұзамай белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян қамауға алынып, екеуінің үстінен Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша іс қозғалды. 2016 жылы қарашаның 28-і күні Атырауда судья Гүлнәр Дәулешова азаматтық белсенді Макс Боқаев пен Талғат Аянға үкім шығарды.
Сот белсенділерді «араздық қоздырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу тәрбітін бұзды» деп танып, әрқайсысын бес жылға бас бостандықтарынан айырды. Үкімде олардың үш жылға дейін қоғамдық жұмыспен айналысуына тыйым салынғаны да көрсетілген.
Талғат Аянның адвокаты Төлепқали Аяновтың үкімге наразылық білдіріп Қазақстандағы сот инстаницяларының барлығына жазған арыздарының ешбірі қанағаттандырылмады.
Туыстары мен құқық қорғаушылар сотталған белсенділерді Қазақстан заңына сәйкес тұрғылықты жері бойынша жаза өтеуге жібереді деп күткен еді. Алайда Боқаев пен Аянды әуелі Ақтөбедегі түрмеге жіберіп, кейін Алматы арқылы этаппен Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/3 қамау мекемесіне жөнелткен. Адвокаттары сотталған белсенділерді қолданыстағы заңға сәйкес жазасын өтеуге тұрғылықты аймаққа жіберуді сұрап бірнеше рет шағым берген.
2017 жылғы тамызда Талғат Аянды Ақтөбедегі К-168/2 колониясына ауыстырып, Макс Боқаевты Петропавлдағы түрмеде қалдырған еді. Тұтқын Боқаевты жақында Павлодарға "емдеуге" жібергені туралы хабарланды.