БАҚ-тың ресми сауалына жауап берген бас прокуратура Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастыру фактісі бойынша Әблязовке қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын айтқан.
"Мұхтар Әблязовті экстрадициялау және одан ары қылмыстық жауапқа тарту мәселесі сотқа дейінгі тергеу аясында Қазақстан заңдарына және халықаралық келісімдерге сай қаралады" деген бас прокуртура.
2004 жылы желтоқсанда аңға шыққанда мерт болған Ержан Тәтішевтің қазасынан кейін "ТұранӘлем" банкі басшылығы қайғылы оқиғаның саяси астары жоқ әрі бәсекелестік тартыстың кесірі деп санамайтындарын мәлімдеген. Ал 2017 жылы құзырлы органдар "Казстройстекло" компаниясының бұрынғы иесі Мұратхан Тоқмәди "Ержан Тәтішевті аңға шыққанда қасақана өлтіргенін және өзіне тапсырысты Мұхтар Әблязов бергенін мойындағанын" мәлімдеген.
Жамбыл облыстық соты наурыздың 16-сы күні "ТұранӘлем банк" басшысы Ержан Тәтішевтің қазасы бойынша бизнесмен Мұратхан Тоқмәдиді айыпты деп танып, 10 жыл 6 айға соттаған.
2017 жылдың сәуір айында Әблязов шетелде тұратын қазақстандық жақтастарымен бірге "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын құратынын жариялаған. Қозғалыстың мақсаты "Қазақстанда демократиялық реформаларды жүзеге асыру" деген. Астана соты 13 наурызда Қазақстанда ҚДТ қызметіне тыйым салып, "экстремистік топ" құрамына енгізген.