Бүгін ҚР Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот үкімі шықты
2018 ж. 14 наурыз
3180
18
Астана қаласы қылмыстық іс бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта Қуандық Бишімбаевқа қатысты сотта үкім шығарылды.
«Қуандық Бишімбаевты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 4-тармағы, 28-баптың 3-тармағы, 189-баптың 4-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесіндегі тәртібі қатал мекемеде өтесін. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте және жарнасы 50%-дан аспайтын мемлекеттік ұйымдарда басшылық ету құқығынан өмір бойына айырылсын», - деді судья Әділxан Шайxисламов сотта.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі 2017 жылдың 7 қарашасында басталған.
Оған Қызылордадағы шыны зауытын салуға бөлінген 1 млрд теңгені жымқырып, қылмыстық істі ұйымдастырған деген айыптар тағылған. Кейін экс-министрдің адвокаттары журналистерге Қуандық Бишімбаевтың сот процесінің әділ өтетініне сенетінін мәлімдеген.
Сонымен қатар, олар ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысына «мемлекет қаржысын жымқырды» деп тағылған айыптың орынсыз екенін атап өтіп, тергеу барысында өрескел заңбұзушылықтар болғанын ашық айтқан.
Қуандық Бишімбаев сот процесі кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрап, тергеу амалдарының әділетсіз жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Сонымен қатар, ол Астана іргесінен қалай зәулім үй салғанын түсіндірген.
Сондай-ақ, процесс барысында прокурор экс-министр Қуандық Бишімбаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда сотта Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыптарды мойындамаған болатын. Бір жылға жуық қамауда жатқан жауапкер өз сөзінде алдымен ел азаматтарының қамын ойлағандығын, сырын білмесе де, сырттан келген адамдарға сеніп, жұмысқа алғанын, ақыры жұмыстың осылай жайсыз аяқталғанын айтқан. 38 жастағы экс-министр халықтан да кешірім сұраған болатын.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевпен қатар аталған атышулы сот ісінде 22 адамға айып тағылып, тергеу жүргізілген болатын.