Көкшетауда кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың жүкті болып қалу фактісі көбейген. Олардың көпшілігі қаладағы орта кәсіптік білім беретін оқу орындарында оқиды. Бұл жайында қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысында айтылды, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.
Көкшетауда оқушылар арасында ерте жүктілік көбейген
2018 ж. 06 наурыз
7624
10
Былтыр қалада 15-18 жастағы қыздар арасында жүкті болудың 12 жағдайы тіркелген. Оның 7-уі колледж студенттері. Ерте жүкті болғандардың арасында мектептің жоғары сынып оқушылары да бар. Тіпті 10 жасар баланы күштеп жыныстық қатынасқа тарту фактісі де тіркелген.
Мамандар жасөспірімдер арасындағы жыныстық қатынасқа ерте түсуге ғаламтор мен жөн-жосықсыз шетелдік фильмдердің әсері күшті екенін айтады.
«Бүгінде балалары бәлиғат жасына толмаған ата-аналар тарапынан мектептерде аталған тақырыпта арнайы тәрбие сағаттарын, семинарлар ұйымдастыру туралы ұсыныс көп. Жастар арасында осы тақырыптарда материалдар таратылады. Анонимді сауалнамалар, психологиялық тестілер жүргізіп тұрамыз. Әлеуметтік желілерде де насихат жүргізіледі, –дейді №1 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Гүлназия Зұлқарнаева.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы уақыт ішінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның отырысында жасөспірімдер ісіне қатысты 16, ата-аналарға қатысты 22 материал қаралған. Бала тағдырына жауапты ата-ана салғырттығы да балалар қылмысына себеп болып отырғанын аңғаруға болады. Тәрбие мәселесіне салғырт қарайтын 47 отбасында 70 жасөспірім тәрбиеленуде. Жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында қала мектептерінде 143 секция жұмыс істеуде.
Мамандар жастар аяғын шалыс басып, түрлі жағдайға тап болып жатса, үлкендер тарапынан қысым көрсетпеу қажеттігін алға тартады.
«Бізге көмекке жүгінетін жас аналардың 80 пайызы колледж студенттері. Ерте жүкті болған қыздардың тағдыры жақындарын алаңдатпайды. Мұндай жағдайға тап болған кейбір қыздарды ата-аналары үйлерінен қуып жіберген. Осында тұрып жатқандардың көбісі ата-аналарына «қалада оқу оқып жатырмыз» деп өтірік айтуға мәжбүр. Мұндай қадамға барған ұл-қыздарды айыптағанша, олардың қателеспеуі үшін дұрыс тәрбие беріп, келеңсіздіктің алдын алу әлдеқайда артық. Осы ретте қыздарға ананың, ал ер балаларға әкенің ақыл-кеңесі, тәрбиесі ауадай қажет», – дейді Көкшетаудағы «Аналар үйінің» үйлестірушісі Көгершін Хасенова.
Оның айтуынша, жалғызбасты аналарды баспанамен қамту өзекті мәселеге айналып отыр. Олар мұнда бір жылға дейін ғана тұруға құқылы. Мұндағы мамандар жас аналардың құжаттарын реттеп, жұмысқа тұруға көмектеседі.
Қыздарға анасының, ұлдарға әкесінің ақыл-кеңесі ауадай қажет. Осы орайда қаладағы барлық мектепте әкелер кеңесін құру керектігін айтады білім бөлімінің мамандары.
«Бүгінде қалада кешкі мектептердің жабылу себебі онда баланың дұрыс тәрбие алып шықпайтынына көзіміз жетіп отыр. Сол себепті тәрбиесі қиын жасөспірімдерді тәрбиелеу мектеп мұғалімдеріне жүктеліп отыр, – дейді қалалық білім бөлімі жетекшісінің орынбасары Жәния Дондағұлова.
Кәмелетке толмағандардың жыныстық қатынасқа ерте араласуы құқық қорғау органдарын да алаңдатып отыр.
«Алдағы уақытта колледж басшыларымен, оқытушыларымен тығыз жұмыс істеу қажет. Әсіресе, ауылдан қалаға оқуға келген жастарға қырағы көзқарас қажет»,–дейді Көкшетау қалалық ювеналды полиция бөлімінің басшысы, полиция майоры Әділбек Салықов.