Атамқұлов Тоқмәдидің адамгершілікке жатпайтын әрекетінен түңіліп кеткенін айтты
2018 ж. 20 ақпан
8710
58
«Тұран әлем банкінің» бұрынғы басшысы, марқұм Ержан Тәтішевке 2003-ші жылы да қастандық жасалыпты. Белгісіз біреулер оның БМВ -7 маркалы көлігін өртеп жіберген екен. Бұл туралы Таразда Мұратхан Тоқмәдидің ісіне қатысты жүріп жатқан сот процесінде куәгерлердің бірі айтып берді, деп хабарлайды КТК арнасы.
Бүгін жалпы саны 10-ға жуық куәгерден жауап алынды. Олардың бірі – Қайрат Садықов. Бұл азамат Ержан Тәтшевтің студенттік кезден бергі досы болған. Бертін келе Тәтішев оны өзі басқаратын банктің Талдықорған қаласындағы филиалының директоры еткен. Кейін өзінің қасына кеңесші қылып алыпты. Енді сол Садықовтың айтуынша, банкирге өлерінен бір жыл бұрын да қастандық жасалған екен.
«Мен оған қастандық жасалды деп естідім. Өйткені ол БМВ 7-мен жүретін. Сол көлігін өртеп жіберген екен деген әңгіме шықты. Және оның алдында оққағарын да сабап кеткені туралы айтылған еді. Мен ол кезде Талдықорғанда жұмыс істеп жүргенмін.
Сол қанды оқиға болар күні Тоқмәди бір азаматты аңға ілестіріп баруы тиіс болған еді. Бірақ бұл жұмбақ адам аң аулауға шықпай қалған. Бүгін сол кісінің аты-жөны белгілі болды деп жатыр. Солай ма?» – дейді куәгер Қайрат Садықов.
Аң аулауға шықпай қалған адам Ерлан Атамқұлов деген азамат болып шықты. Бұл кісі кезінде «ҚТЖ» Ұлттық» компаниясы АҚ-ның Президенті болған. Қазір белгілі кәсіпкер. Алматы қаласынан осы процеске куәгер есебінде қатысуда. Атамқұловтың айтуынша, қанды оқиға болар күні Мұратхан Тоқмәди оған қайта-қайта қоңырау соққан. Бірақ ол телефон тұтқасын көтермепті. Өйткені ол бизнесменге ренжулі болған. Яғни, 1999-шы жылы екеуі аңшылыққа шыққан кезде мұз жарылып, қарда жүретін көлігімен суға батқан Атамқұловқа Тоқмәди көмек көрсетпей қарап тұрған екен. Содан бері екі кәсіпкердің арасы суып кеткен. Бірақ, осыған қарамастан Мұратхан 5 жылдан кейін түк болмағандай қоңырау соғып аңшылыққа шақырыпты. Тоқмәдидің мұнысын түсінбедім дейді Атамқұлов.
«Маған 6-7 рет, тіпті одан көп қоңырау соқты. Өзімен аңға бірге жүруімді қалаған еді. Бұл жайында бір күн бұрын айтқан. Бірақ мен басқа кісілермен аңшылыққа шығуды жоспарлап қойғанмын. Олар Отарға баруы тиіс болса, біз Шуға қарай шығатын болғанбыз. Жолымыз бөлек, әрі реніш болғасын тұтқасын көтергім келмеген», – дейді куәгер Ерлан Атамқұлов.
Айта кетейік, белгілі Кәсіпкер Мұратқан Тоқмәдидің ісі 78 томға арқау болған. Жалпы саны 100-ге жуық куәгерден жауап алынады. Ал процестің өзі бір жарым айға созылуы мүмкін.