Полиция Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының бұрынғы басшысы Асылжан Жамалбековті әлі іздеп жатыр. Оған қатысты халықаралық іздеу жарияланды, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Депутаттың баласына халықаралық іздеу жарияланды
2018 ж. 16 қаңтар
3745
11
Тергеу деректеріне сүйенсек, 31 жастағы бұрынғы шенеунік ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Ол жақтастарымен екі жыл бойы аз қамтылған отбасыларға бөлінетін бюджет қаражатын заңсыз пайдаланған. Олар мемлекетке 437 миллион теңге шығын келтірді.
Тергеу өткен жылдың мамыр айында басталды. Ол кезде мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері Жүнісәлиева деген азаматты ұстаған. Оның қолында 180 банк картасы болған. Қылмыстық топ сол карта арқылы ақша алып отырған. Олар қаладағы тұрмысы төмен отбасыларды тауып, сенімхат алған. Кейін солардың атынан түрлі жәрдемақыны иемденіп отырады. Ал, мұқтаждарға бөлінген соманың үштен бір бөлігін ғана берген.
Тергеушілер ұсталған Жүнісәлиеваны қылмыстық топтың басында тұр деп күдіктенді. Жарты жыл өткеннен кейін жұмыспен қамту орталығын жас басшысы да күдікке ілінді.
«Адвокаттан халықаралық іздеу жариялаудың қажеті жоқ деген шағым түсті. Оның дәйектері негізсіз болып шықты. Облыстық сот қарастырып, оның шағымын қанағаттандырмады», - деді судья Еркен Отарбаев.
Еске сала кетейік, 31 жастағы шымкенттік қаладағы «ең жақсы» отбасыларының бірінен шыққан. Оның туған ағасы Ержігіт Шәріпбеков Сайрам ауданы әкімінің орынбасары. Ал Нұржан Жамалбеков есімді тағы бір бауыры бұған дейін ОҚО прокуратура және құқыққорғау органдарында қызмет еткен, бірақ кейін аттестациядан өте алмай қалады. Ағайындылардың әкесі Шәріпбек Жамалбек – облыстық мәслихат депутаты.