Мамандық мәртебесін көтерейік
2018 ж. 10 қаңтар
3114
0
Еліміздің баспа саласы үшін жоғары білікті кадрлар даярлайтын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы аталған саладағы бірден-бір ежелгі білім беру құрылымы болып табылады. Кафедра түлектері республикамыздың жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының редакторлары, көркемдеуші және безендіруші редакторлар, баспалар мен полиграфия кәсіпорындарының директорлары болып жемісті еңбек етуде. Осы кезең ішінде берік әдістемелік, материалдық-техникалық негіз қаланды, оқулық қоры байытылып, мақсатты ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұрындары «Баспа ісі және дизайн» делінген кафедра аты зымыран заман талаптарына сай өзгертілді, 2015 жылдан бері ол «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасы деп аталып келеді. Сондай-ақ, қарапайым халық мамандықты кітап басу технологы-полиграфист немесе қол еңбегімен байланысты кәсіп деп ұғынатындықтан, Қазақстан Республикасының Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі беру мамандықтары Сыныптамасындағы «Баспа ісі» бағытын «Өнер» саласына жатқызу жөнінде кафедра тарапынан берілген ұсынысты Білім және ғылым министрлігі қабыл алды. Осыған орай 2016 жылы Жоғары оқу орындарына Қабылдау Ережесіне осы мамандықты таңдаған талапкерлерді шығармашылық конкурс арқылы қабылдау туралы шешім шығарылды.
Дегенмен, әлі де шешімін тосып тұрған мәселелер баршылық, бұлардың ең бастысы - мамандықты әлемдік стандарттарға талаптарына сәйкестеу. Сондай-ақ кәсіптің нарықтағы танымалдылығының төмендігі және оған деген сұраныстың кеміп кетуі де ойландырмай қоймайды. Аталған түйткілдер Алматы, Астана, Талдықорған қалаларында өткізілген ғылыми семинарларда, Дөңгелек үстел мәжілістері барысында талқыланды. Ал, өткен жылғы қараша айында кафедра мамандықтарын аккредиттеуден өткізген Халықаралық FIBAA Агенттігінің сарапшылары көптеген ұтымды ұсыныстар беріп, елеулі ескертпелер жасады. Халықаралық сарапшылардың тұжырымдарын ой елегінен өткізу мақсатында «Ұлттық дизайн: түткілдер мен түйіндер» атты Дөңгелек өткізіліп, оның барысында дизайн мамандығының оқу мерзімін 4 жылға түсіру, факультеттің оқу бағытына және бағдарламасына сәйкес Жоғары және жоғарыдан кейінгі білім Сыныптамасына «БАҚ дизайны» («Медиадизайн») мамандықтарын енгізу жөнінде пікір қозғалды. Өтйкені, аккредиттеу барысында сәулет және құрылыс техникасы бойынша маманданатын университеттер үшін оқу мерзімі 5 жылға есептелгеніне назар аударған FIBAA сарапшысы, германиялық профессор Ехард Рохолл Еуропада дизайн мамандықтары бойынша студенттер 2-3 жыл оқитындықтарын тілге тиек еткен болатын. Осыған орай жуырда Халықаралық Агенттік кафедра мамандықтары бойынша берген «Decision of the FIBAA Accreditation Committee for Programmes» («FIBAA бағдарламаларды Аккредиттеу Комитетінің шешімдері») атты қорытындында «оқу мерзімін қысқарту» қажеттігі атап өтіліп, мамандық бойынша оқу мерзімі 4 жылға түсіруді ұсынылған.
Себебі, «дизайн» мамандығы бойынша алынған Мемлекеттік лицензия дизайн сияқты көпсалалы мамандықтың бір ғана тармағын қамтиды. Қазіргі
таңда дизайнның интерьер дизайны, киім дизайны, графикалық дизайн және басқа көптеген салалары бар. Лицензияның жалпылама болуы осы салаларды толығынан қамтуға кедергі келтіруде. Сонымен қатар кафедраның дизайнер және баспагер ұстаздарының «Өнер» бағыты бойынша доценттік атақ алуы да кезек күттірмейтін мәселе болып табылады. Білім және ғылым министрлігі ертеректе әзірлеген Ассоциациялы профессор (доцент), профессор ғылыми атақтарын беру туралы Ереже бүгінгі күн талаптарын ескере бермейді. Себебі, қазіргі таңда Халық суретшісі, Еңбек сіңірген суретші деген атақтар берілмейді, сондай-ақ ондай атақ беретін қоғамдық ұйымдар да жоқ. Сондықтан шығармашылық және педагогтық өтілі жеткілікті ұстаздарға кафедра доцентінің міндетін атқарушы атағын беру қажеттігі дау туғызбайды. Сонымен бірге елімізде кітап мәдениетін көтеру және білім насихатын жақсарту мақсатында «Баспа күнін, редактор күнін» деп белгілеу де кезек күттірмейді. Республика кітап нарығын заман талабына бейімдеу, авторлар мен баспалар арасындағы қарым-қатынастарды жандандыру мақсатында Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасап, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтары Сыныптамасына «Әдеби агент» мамандығын енгізу де күн тәртібінде тұр.
Редактор кадрлар даярлауда бұл мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік гранттардың орны ерекше. Болашақ мамандар елімізде екі-ақ жоғары оқу орнында - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де ғана даярланатын бұл бағытқа республика бойынша жыл сайын өте аз, небәрі 10 грант, оның ішінде қазақ бөліміне - 8, орыс бөліміне 2 грант қана бөлініп келеді. Сондай-ақ, бұл мамандықты қалайтын, шығармашылыққа икемді жастардың көбіне-көп орташа ауқатты отбасылардан шығатыны да назар аударуды қажет етеді. Өйткені, 900 мың теңгеге жетеқабыл оқу ақысы олардың ақылы бөлімге түсулеріне қолбайлау болатыны сөзсіз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Бағдарламалық мақаласының талаптарына орай, «Баспа ісі» сияқты рухани жаңғыру үдерісінің алғы шебінен табылатын редактор әрі баспагер мамандықтарының мәні мен маңызы арта түсері анық. Сондықтан, бұл мамандықтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілу қажеттілігі дау туғызбайды. Ал, жетімсіз жағдайда бөлінген азын-аулақ гранттың өзі ҚазҰУ мен ЕҰУ-ға бөлініп, қақ жарылады. Осы орайда, жыл сайын толыққанды қазақ және орыс топтарын қалыптастыру қиындай түсуде.
Жасырары жоқ, техникалық мамандықтар бойынша білім алғысы келетін үміткерлерге бөлінетін грант көлемі ауқымды. Бұқаралық ақпарат құралдарының деректері бойынша, әр жылы осы гранттардың көпшілігі курстарын тәмамдай алмаған студенттер есебінен кері қайтарылып, дұрыс игерілмейтіні анықталып отыр. Бұл қаржының желге ұшқанымен барабар емес пе?! Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі биік, мүмкіндігі де өте зор. Осындай артықшылықтарымызды әлем елдеріне таныстыратын редактор-қаламгерлер мен баспагерлерді - шығармашылық тұлғаларды даярлауға жеткілікті назар аудару қажеттігі күн тәртібінде тұр. Қазіргі таңда елімізде жоғары білікті маман-баспагерлердің, әдеби редакторлардың жетіспеушілігі айқын сезіледі. Бұған республикамыздың 300-ден астам баспасындағы редактор кадрлардың
тапшылығы куә. Міне, осыған байланысты «Баспа ісі» мамандығына бөлінетін гранттарды үстіміздегі жылы 2-3 есеге арттыру қажетті дау туғызбайды.
Өткен жылы мемлекеттік білім гранттарын бөлуде жаңсақтықтарға жол беріліп, қоғамдық пікір бой көтерген соң министрлік тарапынан түзету енгізілді, екі тізім жасалды. Ата-аналарды да, ұстаздарды да, талапкерлерді де таң қалдырғаны-осы екі тізімде де Тәуелсіз мемлекеттер достастығында екінші, Қазақстанда көш басында тұрған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасына «Дизайн» мамандығы бойынша құжат тапсырып, шығармашылық емтихандардан жоғары нәтиже көрсеткен бірде-бір түлектің болмауы. Қарап отырсақ, бұл мамандығы бойынша 12 грант Л. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетіне, 5 грант М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне, 3 грант Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне, 2 грант А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ–түрік университетіне, 1 грант Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне, 1 грант М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне, 1 грант М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне, 1 грант Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетіне, 1 грант Алматы технологиялық университетіне, 1 грант І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне бөлініпті. Ал, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тапсырып, жоғары балл жинаған талапкерлерге неге бөлінбеген? Бұл жөнінде кафедра мамандары дабыл қағып, жоғары билік органдарына сауал тастағанымен, тұшымды жауап болмады.
Бүгінгі таңда баспагерлік, дизайнерлік және редакторлық қызмет саласына жоғары білікті кадрлар даярлау, кітаптану, библиография, шетелдік және отандық кітап басылымы бойынша теориялық білім негіздерін қалыптастыру, Қазақстанның редакторлық-баспагерлік нарығының және медиахолдингтерінің сұранысын қанағаттандыру жолында тынбай еңбек етіп келе жатқан кафедра ұжымы мамандық мәртебесін көтеруді мақсат тұтып отыр.
Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби ат. ҚазҰУ кафедра меңгерушісі
Қазақ үні