Мәжіліс БАҚ туралы заңнамаға енгізілген түзетулерді мақұлдады
2017 ж. 09 қараша
2372
1
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Аталған Заң жобасы бұқаралық ақпарат құралдары, телерадио хабарларын тарату, ақпараттандыру және байланыс, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуді қамтамасыз етуге бағытталған.
«Тұтастай алғанда, талқыланып жатқан заң жобасында үш үлкен саланы - ақпарат, байланыс және ақпараттандыру саласын дамытуға бағытталған кешенді өзгерістер қамтылды. Заң жобасы ақпарат саласында азаматтардың құқығын қорғаудың механизмдерін күшейтуге; бұқаралық ақпарат құралдары қызметінде сапалы өзгерістер жасауға; ақпаратқа қолжетімділік бойынша мүмкіндіктерді ұлғайтуға; ұлттық заңнаманың ішкі үйлесімін қамтамасыз етіп, оны қолданудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді», - деді Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.
Ақпарат және коммуникациялар мәселелерін қамтитын бұл жобада 12 заң мен 4 кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Осы орайда, Дәурен Абаев заң жобасында қарастырылған басты бағыттарға кеңірек тоқталып өтті.
«Біріншіден, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы үшін сапалы заңнамалық базаны одан әрі нығайтуды қарастырылып отыр. Соның ішінде әкімшілік жүктемелер мен шектеу шараларын азайту мақсатында бірқатар жеңілдіктер жасалады. Атап айтқанда, аздаған құқық бұзушылықтар үшін газеттің тиражын тәркілеу немесе БАҚ-тың қызметін тоқтату сияқты жазаларды алып тастау көзделуде. Ақпарат құралдарын шындыққа сай келмейтін ақпаратты таратуға қатысты жауапкершіліктен босататын себептер қатары да ұлғаяды. Бұл өзгеріс мемлекеттік органдардағы БАҚ-пен байланыс жөніндегі өкілетті тұлғаға жауапкершілік жүктейді», - деп түсіндірді Дәурен Абаев.
Тағы бір мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында азаматтардың суретін қандай жағдайда рұқсат сұрамай жариялауға болатыны айқындалды. «Мысалы, көпшілік жаппай қатысатын мәдени, спорттық және басқа да шараларда жұрт алдында сөз сөйлеуге қатысты. Сонымен қатар қатар қазақстандық контентті одан әрі қарай қолдау мақсатында мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда тек отандық телеарналарды көрсету жоспарлануда», - деді министр.
Сонымен қатар, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен баланың жеке басын анықтайтын кез келген ақпаратты, оның суретін ақпарат құралдарында жариялауға шектеу ұсынылып отыр.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев шалғай аудандарда ұялы байланысты жақсартудың тәсілі жайында түсіндірді.
Осы тұста министр ұялы байланыс операторларынан тарифтерді төмендетуді талап ететінін атап өтті.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев БАҚ-пен өзара іс-қимыл үшін меморгандардың жауапкершілігі артатынын айтты.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы бұқаралық ақпарат құралдарының сауалдарына жауап беру жағдайына байланысты болады. «Қызмет тиімділігін бағалауды бонустық-балдық жүйеге байланыстырамыз. Яғни егер де ол жауап бермесе, оның рейтингі төмендейді, сәйкесінше еңбекақысы да азаяды. Бізде ақпаратқа қол жеткізу заңы бар, онда меморгандар қызметінің тиімділігін бағалуды ескеретін бөлім қамтылған. Басшысы қызметкердің жұмысындағы тиімділіктің негізгі көрсеткішін қарайтын болады. Критерийлердің бірі ретінде БАҚ-пен жұмыс болады. Сонымен қатар ол оны қызметінен де босата да алады»,-деді министр.
Сонымен қатар, Дәурен Абаев Қазақстанда 600 мыңға тарта отбасы «сұр» спутниктік тарелкаларды пайдаланып жүргенін және елімізде 1,5 миллион адам қазақстандық телеарналарды қарамайтынын айтып өтті.