Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиіне көшу туралы Жарлыққа қол қойды. Осы ретте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев аталған мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Перуашев: Ең бастысы, латын әліпбиінің соңғы нұсқасы түсінікті
2017 ж. 27 қазан
2715
19
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиін қабылдау туралы Жарлық дайындауға тапсырма бергенін жаңалықтардан білдім. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін «Ақ Жол» партиясы да қолдайды. Бұл – біздің партиямыз үшін маңызды мәселелердің бірі. Аталған мәселе партияның саяси бағдарламасында 2007 жылдан бері болды. Сондықтан латын әліпбиіне көшу өте орынды, оның тарихи маңызы зор. Сондықтан аталған бастаманы қолдаймыз», - деді халық қалаулысы.
Осы орайда Азат Перуашев латын әліпбиіне көшуі халық арасында қызу талқыланғанын да атап өтті.
«Елбасымыздың тапсырмасы бойынша жалпы латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобасы халық арасында қызу талқыланды. Аталған жобаға кез келген азамат өз пікірін айтуға, ұсынысын енгізуге құқығы болды. Мен де оған өз ұсынысымды айттым. Басқа да менің әріптестерім комиссияға өз ұсыныстарын жеткізді. Осындай өткір пікір алмасудан кейін қазақ тілінің латын әліпбиіндегі екінші нұсқасы дайындалды. Сондықтан Елбасымыздың латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің соңғы жобасын бекіту туралы Жарлық дайындауға берген тапсырмасын қолдаймыз», - деді ол.
Сөз соңында депутат латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасы қолайлы екенін атап өтті.
«Латын әліпбиінің соңғы нұсқасын біріншісімен салыстырсақ, соңғысы қолдануға ыңғайлы. Бірақ оның ағылшын тіліндегі әліпбиден айырмашылығы бар. Мысалы, ағылшын тілінде «ж» - «zh», «ш» - «sh» деп екі әріппен жазылады. Ал біз бір әріппен жазатын болдық. Енді оған да үйренеміз. Ең бастысы, латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасы түсінікті», - деп түйіндеді сөзін Азат Перуашев.