Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Қылышбаев Үкіметтен Қытайдағы қазақ диаспорасына қысым көрсетілуі жайлы ақпаратты тексеруді сұрады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Сенат депутаты Қытайдағы қазақтардың мәселесін көтерді
2017 ж. 26 қазан
3401
3
«Депутаттық сауалға басқа мемлекеттердің азаматтығын алған қазақ ұлты өкілдері құқықтарының шектелуі туралы мәселе түрткі болды. Қытайда қазақ диаспорасы ең көп шоғырланғаны белгілі. Олар негізінен Шыңжаң-Ұйғыр автономдық округі, Цинхай мен Гансу провинцияларында тұрады», - деді Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына сауал жолдаған сенатор.
Депутаттың айтуынша, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономдық округінде тұратын қазақ ұлты өкілдерінің заңды құқықтарының шектелуі туралы мәселе биылғы жылы өткен Дүниежүзі қазақтары құрылтайында көтерілген болатын.
«Сол кезден бастап 1,5 миллионнан астам отандасымыздың заңды құқықтарының шектелуі туралы мәлімет ақпараттық кеңістік пен әлеуметтік желілерде кең тарап кетті. Бұндай бейресми ақпарда олардың діни құқықтарының шектеліп, елден шығуы үшін шетелдік паспорттардың берілуіне кедергі жасалып жатқаны жайлы айтылған», - деп толықтырды ол Сенаттың жалпы отырысында.
Сенатор «бұл ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады? Жалпы, Қытайдағы қазақ диаспорасының жағдайы мен олардың құқықтарының қорғалу деңгейі қандай? Оларға шынымен де қысым көрсетіле ме? ҚР СІМ тарапынан осы мәселе бойынша қандай жұмыстар атқарылды? Бұл мәселеге қатысты Қытай тарапынан келіссөздер немесе кеңестер өткізілді ме? Ақпарат расталған жағдайда құзырлы органдар қандай шаралар қабылдамақ?» деп сауал қойды.
Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР СІМ Қытайдағы қазақ диаспорасына қатысты жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеген болатын. Сыртқы саяси ведомство басшысы Қайрат Әбдрахманов Мемлекет басшысы министрлікке шетелдегі, оның ішінде Қытайдағы қазақ диаспорасы мәселелеріне жіті назар аударуды тапсырғанын айтқан еді.