Саясаттанушы Атамбаевтың "саяси қойылымын" түсіндіріп берді
2017 ж. 17 қазан
3482
22
Алмазбек Атамбаевтың амалы қалмады. Еріксіз Қазақстанға тиісті. Өйткені ол бәрімен ұрсысып қалды. Қырғыз элитасы одан теріс айналып кетті.
Бұл туралы саясаттанушы Ерлан Қарин Тengrinews.kz сайтына берген сұқбатында айтты.
„Элита, өзінің бұрынғы әріптестері тарапынан қолдау болмаған соң, Алмазбек Атамбаев ва-банкке барып, сырттан „жау„ жасап, елді дүрліктірді. Сөйтіп, популистік ұрандарымен ел назарына түсіп, көптің қолдауына ие боламын деп ойлады.
Иә, оның іліспеген адамы жоқ. Тіпті, өз замандастарын қорқытып-үркітіп, тіпті, қылмыстық қудалауға дейін барды. Бірақ онысынан түк шықпады. Бәрі теріс айналды. Енді не істейді?.. Ва-банкке барды.
Құласаң, атан түйеден құла деді. Тәуекелге бас тікті. Ел егемендігіне нұқсан келуде дегенді шығарып алды. Қырғыз саясаткерлері сатқын, сырттан қолдаушылары бар олардың деді. Ал соның барлығын басқарып, басында отырған өзін құрбан етіп көрсетуге тырысты. Мұрагері жеңіліп қалса, сөйтейін деді.
Сайлау өтіп жатқан күні Атамбаев өзінің кейбір қарсыластарын айыптап жатты. Сайлау процесіне бұлайша килігу бұрынғы сайлау науқандарында болған емес. Қарап отырсаңыз, сайлау науқаны кезінде Атамбаев қана қамшыны басып отырды, қарсыластарын айыптады, Қазақстанмен ілігісті, әріптестеріне тікелей қоқан-лоқы көрсетті. Ақыры, ол өз-өзін бұрышқа апарып тықты. Енді ол таңдап алған тақырыбын ары қарай жалғастыра береді, болмаса, маңайындағылар одан өздігінен бойын алыс ұстай бастайды„ — дейді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, Қырғыз Республикасы президенті сайлауында кім жеңсе де Қазақстанға бәрібір. Қазақстан ондағы қандай да бір кандидаттарды қолдап, қолтығына су бүркіген емес.
— Ал көп дауысқа ие болған Сооронбай Жээнбековке келер болсақ, одан үлкен бір жетістіктер күтілмейді, ол тек мүдделер тепе-теңдігін сақтап отырса, жарар еді, деседі қырғыздар. Осы жағынан алғанда, ол бұл үмітті ақтай алатын адам деп ойлаймын, — дейді саясаттанушы.
Дереккөз: kaz.365info.kz