Мектеп оқушыларымен жүздескен БҚО әкімі елді қарапайымдылығымен тәнті етті
2017 ж. 04 қыркүйек
2545
0
Биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша 380 мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Солардың бірі – Назарбаев зияткерлік мектебіндегі «Алғашқы қоңырау» салтанатына облыс әкімі А.Көлгінов қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
- Бүгінгідей бейбіт заманда жастарға қойылатын талап – білім алу. Егер әр оқушы мектеп қабырғасында, кейін жоғары оқу орнында сапалы білім алатын болса, ертеңгі күні елімізді жаңа биіктерге жетелері анық. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да жастарға ерекше көңіл бөлу керек екендігі айтылған. Өйткені кез келген ұлттың болашағы – жан-жақты жетілген, білім алған, азат ойлы, саналы ұрпақ. Сондықтан бар ынта-жігерлеріңізді оқуға арнаңыздар, - деп құттықтау тілегін жеткізді облыс әкімі.
Сондай-ақ мектептің жылдағы дәстүріне сай Назарбаев мектебінің 7-ші сынып оқушыларымен мектеп ауласына алма ағашын отырғызды.
Кейін А.Көлгінов №7 жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларымен жүздесті. Облыстағы ең байырғы мектептердің бірі саналатын оқу ордасының ұжымымен әңгімелесіп, ғимарат ішін аралап, мектептің материалдық-техникалық базасын көрді. Облыс әкімі арнайы бас сұққан тағы бір білім ошағы – Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернат-кешені. Мұнда білім әлеміне жаңа қадам басқан алғашқы сынып оқушыларымен әсерлі әңгіме өрбіп, облыс әкімі оларға Елбасының сый кітаптарын табыс етті. 90 жылға жуық тарихы бар білім ошағынан осы жылдар ішінде мыңдаған білімді шәкірт түлеп ұшты. Солардың ізін жалғаған бүгінгі буын оқушылар да өз жетістіктерімен мектеп мерейін асырып жүр. Арнайы кездесуге келген облыс әкімін Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы туралы сыр шертетін арнайы деректі фильмді көруге шақырған жоғары сынып оқушылары кейін сұрақтарын да қойды. Ел болып қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы туралы сұрап, өз ойларымен де бөлісті. Сұрақ қоюшы оқушылардың арасында өз ойларын ағылшын тілінде жеткізгендер де болды. Сондай-ақ жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында мектеп бағдарламасына арнайы пән енгізу туралы да ұсыныстарын айтты.
Айта кету керек, биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша 12 білім беру нысанына 1 241,0 млн.теңгеге күрделі жөндеу жүргізілсе, 10 білім беру нысанының құрылыс салынуда. Олардың 4-уі аудандарда. Сондай-ақ келер жылы күрделі жөндеуді қажет ететін нысандардың тізімін жасау бойынша жұмыстар атқарылуда. Білім күні №21 жалпы орта білім беретін мектепке арнайы барған облыс әкімі оқу ордасын аралап көріп, алдағы жылы күрделі жөндеуді қажет ететін нысандардың қатарына қосу туралы тапсырма берді.