Астана тұрғыны жас қыздардың суға батқан сәтін кездейсоқ суретке түсіріп алды
2017 ж. 07 тамыз
2728
2
Астаналық Ұлан Әбішев екі адамның қазасына кездейсоқ куә болды. Кеше түскі екінің шамасында ол табиғаттың әсем көрінісін суретке түсіріп жатқанда, суға батқан үш адамның өмір үшін арпалысқан сәті кадрға ілігіп қалған. Бұл туралы ол Facebook-тегі жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«Бүгін Бурабайдағы Шабақкөлде демалдық. Қайтар кезде естелікке бірнеше кадр жасадым. Кейіннен суреттердің бірінде қайғылы оқиға түсіп қалғанын білдік. Осы сәтте екі қыз және бір жасөспірім өмір үшін арпалысып жатқан екен», - деп жазды Ұлан Әбішев.
Оның айтуынша, үрмелі матрас аяқ астынан көтерілген қатты желден аударылып кеткен. Бірнеше жігіт көмекке ұмтылады, алайда тек баланы ғана судан шығарыпты. Қыздарды құтқара алмаған.
«Құтқарушыларды бір сағатқа жуық күттік. Осы уақыт ішінде біз дәрменсіз күйде алысқа көз тастап, біреудің сұлбасын көріп қаламыз ба деп үміттендік. Әйелдер мен балалар жылап жатты. Көлде кезекшілік топ, қайықтар немесе немесе құтқау жилеті болған жоқ», - дейді ол.
Informburo.kz порталына ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов трагедияның мән-жайын түсіндірді.
«Сағат 17:09-да Бурабай ауданындағы Шабақкөлде жедел құтқару жасағының қызметкерлері шомылуға арналмаған жерде батып кеткен 1999 жылы туған қыздың денесін шығарды. Сол жерге батқан 1996 жылы туған тағы бір қызды іздеу жұмысы жалғасуда», - деп түсініктеме берді Руслан Иманқұлов.