Марал шаруашылығына республикалық бюджеттен субсидия бөлініп отыр
2017 ж. 28 шілде
3879
0
Ағымдағы жылдан бастап іске асырылып жатқан ауыл шаруашылығын кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында биыл елімізде тұңғыш рет марал шаруашылығына республикалық бюджеттен субсидия бөлініп отыр, - деп жазады altaynews.kz.
Осы уақытқа дейін марал шаруашылығын дамытуға республикалық бюджеттен ешқандай қаржы бөлінбей келген болатын. 2009-2015 жылдар аралығында облыс бюджетінен марал шаруашылықтарын қолдауға бөлінген қаржы бұл саланың жағдайын жақсартып жібермесе де, аймақтағы марал шаруашылықтарының көтерілуіне біраз көмек болды. Бүгінде марал облыстың Катонқарағай ауданынан өзге, Зырян, Ұлан, Күршім,Зайсан аудандарында да бағылып жатыр. Катонқарағай ауданының бағалы жануарды баққан маралшылары биылдан бастап республика қазынасынан жыл сайын бөлінгелі отырған субсидия саланың өркендеуіне айтарлықтай демеу болады деп үміттеніп отыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтқанындай облыс бюджетіне келіп түскен 80 млн. теңге көлеміндегі қаржы марал шаруашылықтарындағы элиталы және 1 класты аналық мал басына берілмек.
-Қазіргі күні біздің аудандағы 11 марал шаруашылығының алтауы асыл тұқымды. Мұнымен қоса 650 бас теңбіл бұғы өсіріп отырған бұғы шаруашылығы бар. Осы уақытқа дейін облыс бюджетінен бөлінген субсидияны алу үшін шаруашылықтағы марал саны 350 ден жоғары болу керек болатын. Биыл республикалық бюджеттен бөлініп отырған субсидия марал санының аздығына, көптігіне қатыссыз, марал басының тұқымына, салмағына, өзге де ерекшеліктеріне қарай беріледі.
Аудандағы «Баян», «Топқайың» сияқты шағын марал шаруашылықтары бұрын марал санының 350 басқа жетпейтіндігінен субсидиядан қағылып келген болса, енді осындай ұсақ шаруашылықтардың да қаржылай көмек алуына мүмкіндік туып отыр. Бүгінгі күні аудандағы марал шаруашылықтары субсидияны алуға өтінім беріп, тиісті құжаттарын жинап, өткізіп жатыр. Тамыз айының ортасына таман қаржы қолға тиіп қалады,-дейді Катонқарағай аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Рақымғали Байгереев.