Телібеков "сүндеттелмеп пе едіңіз?" деген сұраққа жауап берді
2017 ж. 15 мамыр
2309
1
Жақында бір топ белсенді баланы сүндетке отырғызуға қарсы шығыпты. Даудың басында Мұрат Телібековтің "Қазақстан мұсылмандар одағы" тұр, - деп хабарлайды Abai.kz.
Орыс тілді бірсыпыра БАҚ "Қазақстанда сүндетке отырғызуға тыйым салуды ұсынды" деп ұрандады. Сөйтсек, ҚМО жетекшісі Мұрат Телібековке бір топ белсенді келіп, өздерінің ұсынысын айтқан. Баланы сүндеттеу - адам құқықтары мен абыройына нұқсан келтіреді-міс.
Атеистерді қазақстандық феминистер тобы да қолдап отырған көрінеді.
Телібеков мырзаның бұл "жаңалығын" Ресей мен Қырғызстанның ақпараттық сайттары да жарыса жазып жатыр. (argumenti.ru, rosbalt.ru, kyrgyztoday.org)
Біз даулы ұйымның төрағасы Мұрат Телібеков мырзаға хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрадық.
- Мұрат мырза, сіздер сүндеттеуге тыйым салу туралы бастама көтеріп жатыр екенсіздер. Сол туралы сөйлесейікші...
- Жақсы, жақсы.
- Қазақстан мұсылмандар одағы сүндетке қарсы шығыпты деген ақпарат желіде гулеп жүр. Сіз одақтың төрағасысыз. Өзіңіз сүндеттелмеп пе едіңіз? Көптің көкейіндегі сауал осы.
- Осы жерде мынаны айта кету керек. Қазір жалпы жұрттың, қарапайым халықтың ғана емес журналистердің де интеллектуалды деңгейі төмендеп барады. Мұның себебі неде екені белгісіз. Мүмкін, үлкен аудиовизуалды ақпараттың ағымы. Миды жұмыс істетуге, ізденуге қажеттілік жоқ.
- Оқығанымыздан түйгеніміз - сізге бір топ белсенді келіпті. Сіз оларды қолдапсыз...
- Жоқ. Мен оларды қолдаған жоқпын. Керісінше, оларға сүндетке қарсы шығудың дұрыс емес екені айттым. Олардың адасып жүргенін айттым. Өкінішке орай ойымды жеткізе алмаған секілдімін.
- Олар кімдер? Қай ұлттың өкілдері?
- Мен олардың ұлттарына мән бермеппін.
- Кешіріңіз, бірақ бұл туралы ақпараттардың барлығында керісінше Қазақстан мұсылмандар одағы қолдады деп жүр ғой.
- Рас айтасыз. Өкінішке орай қазір менің сөздерімді бұрмалап, мені жағымсыз кейіпте көрсеткісі келетін бір топ БАҚ бар. Міне, солардың жасап отырған ісі.
- Олар сіздің сөзіңізді бұрмалаған болса, қарсы шара қолдануыңыз керек қой...
- Шынында олардың әрқайсысымен соттасып жатуға менде уақыт та жоқ. Маған не керек. Айтып, айтып қояды. Маған уақыт қымбат. Ақымақтарға уақыт жұмсағым да жоқ.
- Мұрат мырза, бір сұхбатта, сіз маған ҚМО-да 500-мыңнан астам мүшеміз бар деп едіңіз. Тіпті, Президенттік сайлау кезінде сізді 1 миллионнан астам адам қолдағанын айтқансыз. Көріп жүргеніміздей, барлық ақпараттарда Мұрат Телібеков жүр. Басқа мүшелеріңіз неге үнсіз?
- Жақсы. Басқаларды да айтайын. Аманбаев, Сәрсенбаев, Жетпісбаев, Иванов, Петров, Сидоров т.с.с. Бұл нені өзгертеді?
- Мейлі. Мұрат мырза, сұхбат бергеніңізге рақмет!
- Өздеріңізге де рақмет!
Нұрзат Тоғжан