Мәдениет министрі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек қолын созды (ФОТО)
2017 ж. 20 сәуір
2682
6
Мәдениет және спорт министрлі Арыстанбек Мұхамедиұлы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек қолын созды. Бүгін министрлік пен министрлікке қарайтын ұйымдардың қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету туралы үндеуге қосылды.
Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
Мәдениет және спорт министрлігі #TaskynKomek көмек жинау штабымен бірлесе отырып, Ақмола облысының зардап шеккен аудандарына 30 қап ұн мен 20 қап күріш жеткізілуін ұйымдастырды. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының «Мәдениет» бастауыш партия ұйымының мүшелері қаржы жинап, зардап шеккендер қорының есебіне 600 мың теңге аударды.
«Астана Опера» театрының ұжымы Қарағанды облысында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету қорына біркүндік жалақыларын аударды. Театрдың көптеген қызметкерлері «Жас Отан» жастар қанаты жанындағы Қоғамдық штабқа бұл қиын жағдайда қалған адамдарға арналған тамақ өнімдері мен киім-кешек жолдау арқылы халық акциясына қолдау білдірді.