Бас мүфтидің бұйрығына халық неге наразы? (ФОТО)
2017 ж. 18 сәуір
6837
21
ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас Мүфти
Ержан Малғажыұлына
Семей қаласындағы бір мұнаралы
«Ағаш» мешітінің жамағаттары атынан
Ашық хат
Құрметті, Ержан қажы Малғажыұлы хазірет! Өткен жылы жер дауына қатысты Үкімет отырысында айтылған Елбасының жоғарыдағы сөзі әрқайсымыздың жадымызда болар. Халықтың бірлігімен ынтымағына сызат түсіретін кез-келген асығыс шешімге жол беруге болмайтындығын қадап тұрып ескерткен Көшбасшы сол жолы жер сатуға қатысты заңды кері қайтартқанын да Сіз жақсы білесіз. Мұны айтып отырған себебіміз, жергілікті жердің өкілі Мақсат қажы Алтыбайдың ұсынысымен, жоғарғы діни білімі жоқ Дәулет Мақажановты мешітімізге бас имам етіп тағайындаған бұйрығыңыз асығыс жасалынған қадам деп білеміз. Сондықтан да ол біздің наразылығымызды тудыруда.
Құрметті, Ержан қажы Малғажыұлы! Сіз бір мұнаралы ағаш мешітінің бас имамы Заралхан қажыны жақсы білесіз. Ол кісінің асыл дінімізге сіңірген ұзақ жылғы еңбегі мен ел алдындағы абырой беделін Сізге айтып түсіндіру артық болар. «Араздасып ағайын кетер еді, Бір қария болмаса бір ауылда» деп ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаев жырлағандай біржарым ғасырдан астам тарихы бар көненің көзіндей болған мешітіміздің ішіне кірсең өткеннен сыр шертетін сол баяғы кескін келбетін бүгінгі күнге дейін сақтап келуі, намазхан жамағаттарымыздың жат ағымдардың жетегінде кетіп қалмай, өзіміздің ханафи мәзхабымызды берік ұстануы, сеніміне селкеу түсірмей бекем болуы осы Заралхан қарияның үлгі-өнегесі деп берік айта аламыз. Оны мүфти хазірет өзіңіз де жоққа шығара қоймассыз.
Құрметті, бас мүфти хазірет! Елі сыйлайтын, елін сыйлайтын және де «имамның тұлғалық келбеті қандай болу керек?», дегенде «міне» деп мақтаныш сезіммен көрсете алатын Заралхан қажыдан басқа имам дәл қазіргі
уақытта бізге керек емес. Алланың шешімінен басқа шешімнің бәрі өзгереді. Сондықтан да өкіл имамның ағаттыққа бой алдырып, көптің пікірімен санаспай жасаған ұсынысы бойынша шығарған бұйрығыңызды өзгертіп, Заралхан қажыны мешітімізде имамдық қызметте қалдыруыңызды сұраймыз.
Өкіл имам Мақсат қажы Алтыбайға келер болсақ, ол кісі мен өзіме ұнаған адаммен ғана жұмыс істеймін, деп өр мінез танытып көптің пікірімен санаспауында. Бұл дегеніңіз көптің тілеуінің үстінде жүрген имамның басты кемшілігі деп білеміз. Алланың бір есімі – Халық. Сондықтан да біздің дана бабаларымыз: «халық Алладан бір саты төмен тұр» деп айтып кеткен болатын. Тағы да: «Ұлық болсаң кішік бол», дейді біздің қазақ. Олай болса, лайық болсаң алақанына салып аялап өсіретін де, олай болмаған жағдайда күл етіп өшіретін де халық екенін қай кезде де ұмытпағанымыз абзал. Ал, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдар форумында қабылданған: «Имамның тұлғалық келбеті» тәлімінде имамның бойында болуы керек қасиеттер тайға таңба басқандай етіліп ашық айтылған. Біз жоғарыда сөз етіп отырған кішіпейілділік турасында былай делінген: «Кішіпейілділік (сыпайылық, қарапайымдылық) – пендеге Раббысы тарапынан берілетін ерекше мінез-құлық. Кішіпейілділік – пайғамбарлар мен күллі мұқаррабиндер, әулиелерден мирас болған көркем қасиет. Кішіпейіл адам – жер бетінде Раббысынан қорқып, одан ұялып, әрдайым өзін көріп тұр деген оймен ұлыққа да, кішікке де бірдей қарым-қатынас жасайтын жан. Алла Тағала былай дейді: «Рахманның құлдары жер бетінде кішіпейілділікпен жүреді...». (Фурқан сүресі, 63-аят). Бұл аяттың астарында мүміндерге тән кішіпейілділік жатыр. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кім кішіпейілділік көрсетсе, Алла оның мәртебесін өсіреді. Ал, кімде-кім көкірек қақса, Алла Тағала оны мұрнымен жер сүздіреді», - деген. (Имам Ахмад ибн Ханбал, Муснад). Ал, өркөкіректік – құрдымға алып баратын дерт. Лағынет атқыр шайтанның Алланың рахметінен айрылып, қуылуына себеп болған да осы тәкәппарлық, өр көкіректік. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Жер жүзінде дандайсып жүрме. Өйткені, сен жерді әсте жара алмайсың да бой жағынан да тауларға жете алмайсың». (Исра сүресі, 37-аят).
Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімнің жүрегінде шаң тозаңындай тәкаппарлық болса жәннатқа кірмейді», - деген. (Муслим, Термизи.)».
Ал, басшылыққа ұмтылып, имам болғысы келіп жүрген Дәулет Мақажановқа келер болсақ, ең әуелі діни білімін жетілдірсін, одан кейін ауыл бола ма, аудан бола ма, қала бола ма сол жерлердегі мешіттердің біреуінен бастасын. Оған біздің ешқандай қарсылығымыз жоқ. Өйткені, ардақты
Пайғамбарымыз (м.с.ғ.) өзінің бір хадисінде: «Білімді талап ету – әр мұсылманға парыз», - деген.
Құрметті бас мүфти, Ержан қажы Малғажыұлы хазірет! Өзіңізге ашық хат арқылы болған жағдайды баяндай отырып, Заралхан қажыны мешітімізде имам етіп қалдыру жөнінде оң шешім қабылдап, көптің наразылығына жол бермейді деген үміттеміз.
Ашық хатқа қол қоюшылар (барлығы 280 адам, тізім жалғасуда)...