Министр өзі басқарып отырған салада жемқорлықтың өршіп тұрғанын мойындады
2017 ж. 08 сәуір
2408
6
Министр Елжан Біртанов Қазақстанның денсаулық сақтау саласында жемқорлықтың қауіпті деңгейге жеткенін айтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Біріншіден, бәріміз денсаулық саласында жемқорлық барын мойындаймыз және өкінішке қарай, ол қауіпті деңгейге жетіп, өршіп барады. Мұның өзі екіге бөлінеді. Біріншісі - лауазымды тұлғалар арасындағы жемқорлық", - дейді министр ведомство алқасының отырысынан тыс кезде.
"Екінші қиындық - мемлекеттік және жекеменшік ұйым қызметкерлерінің: медбикелер, дәрігерлер, оқу орындарының оқытушылары және тағы басқа заңсыз сыйақы алуы. Мұның бәрімен күресу керек, бірақ, бұл шаралар белгі үшін ғана жасалып отырғанын байқап жатырмыз", - дейді ол.
Сонымен қатар, министрдің сөзінше, мемлекеттік сатып алу саласында да жемқорлық заңбұзушылықтар бар.
"Бұл лауазымды қызметкерлерге тән. Сатып алу жоспары, бюджетті бекіту және бюджеттің мақсатты жұмсалуы қоғамның қатысуымен жүруі тиіс. Қазір бізде корпоративті басқару енгізіліп жатыр. БАҚ-тарда, қоғамда, медициналық ұйымдарда болуы керек. Бұл оқу орындарына да қатысты", - деді министр.
Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Төкежанов құқық қорғау органдарының, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің бағалауы бойынша Қазақстан экономикасы ішінде денсаулық сақтау саласы жемқорлық жайлаған салалардың бестігіне кіретінін айтады.
Оның мәліметі бойынша, 2017 жылы Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында12 қылмыстық іс қозғалып, денсаулық сақтау ұйымдарының сегіз басшысы сотталған.