Премьер-министр тасқын кезінде құр ескертумен шектелетін шенеуніктерге ашуланды
2017 ж. 05 сәуір
2283
2
Премьер-министр топан су ойран салып жатқанда құр ескерту жасаумен құтылатын шенеуніктерді қатаң сынға алды деп хабарлайды КТК арнасы.
Павлодар облысының жұрты да жандарын шүберекке түйіп отыр. Әсіресе, Баянауыл мен Май ауданындағы жағдай қиын. Қызыл су жер үйлерге жайылып, дүние мүлік бетінде қалқып жүр. Халық құм толы қапты қорған қылғанымен, одан пайда жоқ.
Тасқын енді Солтүстік Қазақстан, Қостанай мен Ақмола облыстарына жақындап келеді. Себебі, бұл аймақтарда күн райының күрт жылынып нөсердің төпелеп жаууы өзен-көлдерді арнасынан асыруы мүмкін.
Ал премьер-министр топан су ойран салып жатқанда құр ескерту жасаумен құтылатын шенеуніктерді қатаң сынға алды.
"Кезекшілік қойып, бір адамды шығармаңдар. Тұрғындардың көбі өзіне ештеңе болмайды деп ойлайды. Өйткені психология сондай. Сондықтан қауіп төнсе адам түгілі, көлікті шығармау қажет. Өйткені жоқ жерден азаматтарымыздан айрылып жатырмыз", - дейді премьер-министр Бақытжан Сағынтаев.
Бақытжан Сағынтаевтың бұлай алаңдауы бекер емес. Өйткені, қызыл су Оңтүстік, Шығыс Қазақстан, Қарағанды мен Павлодар облыстарында 40-тан астам тас жолды шайып үлгерген. Сондықтан осы 4 аймақта қазір автожолдар уақытша жабық тұр.
Еске сала кетейік, бұған дейін "Қазақ үні" ұлттық порталы Қарағанды облысында су тасқынынан қаза тапқандар мен шенеуніктердің селқостығы туралы жазған болатын. Қарқаралы ауданында тағы екі ағайынды суға кеткен болатын, оларды іздестіру жұмыстары еш нәтиже берер емес.