Өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтардың 50% мектеп аттестаты ғана бар
2017 ж. 03 сәуір
2001
2
ҚР Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің және палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бірлескен отырысы өтті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жастарды кәсіби әлеуметтендіру мәселелері мен келешегі жөнінде сұрақтарды талқылау үшін Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің, Еңбек және әлеуметтік даму министрлігінің, Білім және ғылым министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің, Қазақстан Республикасы «ЗТБ» Жастар конгресінің, «Болашақ» қауымдастығының, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері қатысты.
Отырыс барысында аталып өтілгендей, мемлекеттік жастар саясатының мақсаты - заңға және «Қазақстан 2020: болашаққа жол» 2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасына сәйкес, жастарды сәтті әлеуметтендіруге және олардың әлеуетін еліміздің одан әрі дамуына бағыттауға жағдайлар жасау. Қазақстандық жастар саясатының жүйесі жеке тұлғаның дамуын және оны еліміздің қоғамдық, еңбек өміріне тартуды қамтамасыз етуге бағытталған.
Бірлескен отырыс жұмысына қатысушылар жастарды жұмыспен қамту мәселелері, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасына басымдық беріп отырғандығын атап өтті. Төртінші өндірістік революцияны ескере отырып, экономиканы жаңғырту, бір жағынан еңбек ресурстарын босатуға ықпалын тигізсе, екінші жағынан жекелеген салаларға жоғары білікті мамандарға деген сұраныстың өсуіне алып келетіні сөзсіз.
Сондықтан, қолдағы бар еңбек ресурстарының сапасын көтеру маңызды міндет болып тұр. Өкінішке орай, бүгінгі күні еліміздің еңбекке жарамды тұрғындарының 28% (ЭАН - 9 млн. адам) тек орта мектеп білімі бар. (Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың арасында орта білімі бар - 50% дейін, жұмыссыздар арасында бұл көрсеткіш -32%, жалдамалы жұмысшылар арасында - 20% құрайды).
Отырыс барысында жастарды кәсіби оқыту, еңбек нарығына қажетті мамандардың әртүрлі кәсіби әдеттеріне дағдыландыру, жұмыспен қамту мәселелері және еңбек нарығындағы үйлесімсіздік - алған білімі еңбек нарығының қажеттілігіне сәйкес келмеушілігі талқыланды.
Қала мен ауыл жастары арасындағы алшақтылықты төмендету, оларды кәсіби әлеуметтендіру, жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету сұрақтары да назардан тыс қалмады. Отырыс барысының қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар қабылданды.