Қызылорда облысында тасқыннан мал қырылып жатыр
2017 ж. 30 наурыз
2318
0
[caption id="attachment_67064" align="aligncenter" width="600"] Иллюстрациялық фото[/caption]
Қызыл су басып жатқан Қызылорда облысындағы ауылдардың жағдайы қиындай түсті. Әсіресе, Қазалы ауданындағы жағдай мүшкіл. Мұнда бірнеше елді-мекенді су шайып кеткен. Соның салдарынан тұрғындар төрт түлiктерiнен айырылып, қыруар шығынға батып жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.
Сырдария өзенінің арнасынан асуына Басықара су торабындағы мұз кептелісі себеп болған. Адасып аққан су шаруа қожалықтарын шайып кетіпті. Бастары аман қалғанымен, қыруар шығынға ұшыраған ауылдықтар тасқынды өздері таспаға түсіріп алған. Сайда орналасқан қоралар толығымен қызыл су астында қалыпты. Малдың көбі суға тұншығып қатса, кейбірі биіктеу жерге дейін жүзіп барған екен.
Тасқыннан негiзiнен Қазалы ауданындағы Басықара, Сарыкөл және Құмжиек ауылдары зардап шегуде. Аудан орталығымен байланыстыратын жолдарды су шайғандықтан, қатынас та жоқ. Апат аймағындағы жұрт мамандардың алдын ала ескерту жасамағанына қапалы. Ал шенеуніктер судың қанша жерге таралғанын және келтірілген шығын көлемін есептеуге кірісіп кетті. Қызыл су басқан аймақта кеше төтенше жағдай жарияланғанын айта кетейік.