Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі ИДМ вице-министрі болып тағайындалды
2017 ж. 16 наурыз
1975
0
Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Алик Айдарбаев жаңа қызметке тағайындалды. Бұл туралы Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек өзінің Facebook-тағы парақшасында жариялаған деп хабарлайды NUR.KZ.
"Бүгін біздің ұжымға Қазақстанның Инвестиция және даму бойынша бірінші вице-министрін таныстырдым. Ол өз ісінің нағыз маманы. Еңбек жолын операторлықтан бастап, өндірістік процестің барлық деңгейінен өткен, содан кейін ірі компанияларды басқарды", - деп жазды Қасымбек.
Оның айтуынша, Алик Серікұлы Маңғыстау облысын жақсы басқарды. Қазір министрліктің алдында Қазақстанды модернизациялау мен индустрияландыруға байланысты ауқымды мәселелер тұр.
"Мемлекет басшысы мен биліктің алдында қойылған мақсатқа жету жолында Алик Серікұлы барын салатынына сенімдімін", - деп түйіндеді сөзін министр.
Естеріңізге сала кетсек, Алик Айдарбаев 14 наурыз күні Маңғыстау облысының әкімі қызметінен босатылған болатын. Өңірді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болған Ералы Тоғжанов басқарады.