Ерлан Қарин «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төрағасы боп тағайындалды
2017 ж. 09 ақпан
2349
3
Ерлан Қарин «Қазақстан» Республикалық Телерадиокорпорациясы» Акционерлік Қоғамының Басқарма Төрағасы болып тағайындалды. ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев бүгін жаңа басшыны ұжымға таныстырды. Бұл туралы Сайгез ақпараттық порталы хабарлады.
“Бүгін «Қазақстан» РТРК» АҚ ұжымына жаңа басшы – Ерлан Қаринді таныстырдым. Ерлан Тынымбайұлы білікті саясаттанушы, идеолог, еліміздің шынайы патриоты ретінде көпшілікке жақсы таныс екеніне еш күмәнім жоқ.
Ендігі жерде оған еліміздегі ең ірі медиа құрылымның жұмысын одан әрі дамыту тапсырылып отыр. Ерлан Тынымбайұлы бұған дейінгі іргелі шараларды одан әрі жалғастырып, корпорацияны жаңа деңгейге көтереді деп сенемін” деп жазды министр фейсбук парақшасында.
«Қазақстан» Республикалық Телерадиокорпорация құрамына «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы, «KAZsport» телеарнасы, «Балапан» телеарнасы, «Мәдениет» телеарнасы, Қазақ радиосы, «Шалқар» радиосы, «Астана» радиосын және де аймақтық телерадиокомпаниялар кіреді. Ол Қазақстандағы және аймақтағы ең ірі Телерадиокорпорация болып табылады.
Ерлан Тынымбайұлы Қарин – мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы ғалым. 2014 жылдың 16 қазан күнінен бастап ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры қызметін атқарған.
qazaquni.kz