Медициналық сақтандыру қорын құруға бюджеттен 8 миллиард теңге жұмсалмақшы
2017 ж. 26 қаңтар
1999
0
Елімізде міндетті медициналық сақтандыру қорын құруға бюджеттен 8 жарым миллиард теңге жұмсалады. Қыруар қаржы негізінен қорға қажетті шығындар мен жұмысшылардың жалақысына кетеді екен деп хабарлайды КТК арнасы.
Сөйтіп, жұмыс берушілер мен жұмысшылар осы уақыттан бастап жалақысының кемі 2 пайызын қорға жырып беруі тиіс. Ал, жұмыссыздар үшін мемлекет келер жылдан бастап қана ақша аудармақ.
Бір айта кетерлігі, міндетті сақтандыру жүйесіндегі кейбір жайттер сенат депутаттарының түсінбеушілігін тудыруда. Ол салауатты өмір салтын ұстанып, дәрігердің көмегіне жүгінбейтіндерге қатысты.
Айтуларынша, денсаулығы мықты мұндай тұрғындар қорда жиналған ақшасын жұмсамаса, қайтарып алуына мүмкіндік жасау керек. Бірақ, бұған қордағылар келіспей отыр.
"Бұл мәселе туралы ойлағанбыз. Бірақ бұл кері әсер етуі мүмкін. Мысалы, Голландияда сақтандыру қорына жинаған ақшасын жұмсамаса, жұрт қайтарып алатын. Бірақ, кейіннен бұған тыйым салынды. Өйткені, көбі ақшасын қайтарып алып, кейін сырқаттанғанда опық жеген", - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ төрайымы Елена Бахмутова.