Бердібек САПАРБАЕВ: Нағыз жемқорлық құрылыс саласында
2017 ж. 25 қаңтар
2495
1
Ақтөбе қаласында 14 нысанның құрылысы ұзақ жылдан бері аяқталмай тұр. Қонақ үй, автосалон, тұрғын үйлердің құрылысы басталып, кейін кейбіреулерінің иесі шетел асып кеткен. Нысандарды кері қайтаруға жергілікті биліктің күші жетер емес. Қадағалаушы қызметкерлердің жұмысын сынаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құрылыс саласын жемқорлық жайлағанын ашық айтты.
Ақтөбе облысындағы «сақалды құрылыстардың» жұмысы әлі тұралап тұр. Қаланың орталық көшесіндегі «Космос» қонақ үйінің иесі шетел асып кеткен. «14 нысан әлі күнге дейін тоқтап тұр. Тең жартысында құжаттары жоқ. Деректерге қарасам, жер телімі қай жылы берілді, құрылыс қашан басталды деген сұрақтарға жауап берілмеген. Осыдан 10 жыл бұрын басталған құрылыс біту қажет еді. Неге құқық қорғаушыларға, прокуратураға бармаймыз? Егер құрылыс ондаған жылға созылса, не үшін оған жобалық-сметалық құжат, сараптама жасайды. «Космос» қонақ үйінің иесі сендер өйтіп-бүйтіп жүргенде қашып кетті. Барлығың жиналғанмен, таба алмайсыңдар оны. Іске қатысы жоқ бір әйел ұсталды. Ол түрмеде отыр, түгі де жоқ. Бәрін білеміз. Сендер ұйықтап отыратын болсаңдар, солай болады»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
2016 жылы Ақтөбеде құрылыс қызметінің сапасын бақылау мақсатында жоспардан тыс 190 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 108 субьект әкімшілік жауапқа тартылып, 21 миллион теңге айыппұл салынды. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетовтің айтуынша, өңірде жылына 40-50 миллиард теңгенің құрылысы жүргізіледі екен. Есептегенде салынған айыппұл көлемінің тым аз екені анық. Басқарма басшысы шағын және орта бизнесті тексеруге рұқсат жоқ екенін алға тартты. Дегенмен, ереже бойынша құрылыс маманы кез келген жұмыстың сапасын бақылауға мүмкіндігі бар. «Неге үйлер құлап жатыр? Себебі, техникалық, авторлық қадағалау қызметі жүргізілмеген, жобалық-сметалық құжаттағы талаптардың барлығы пысықталмаған. Екі жауапты қызметкер күнде құрылыс басында жүретін болса, үйлер құламас еді. Менің ойымша, нағыз жемқорлық осы жерде. Тапсырыс беруші, мердігер, жобалаушы, сараптамашылар барлығы келісіп алған»- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әңгіменің ашығын айтып.
«ҚазАқпаратта» жарияланған бұл хабарға баса назар аударуымыздың себебі әңгіме еліміздің экономикасының дамуына тікелей әсер ететін құрылыс саласы жайында болып отыр. Құрылыстың үлкен-кішісі жоқ. Зауыт-фабрика салсақ халық тұтынатын түрлі тауарлар, техникаларды жасап шығарамыз. Жол құрылысын жүргізсек жүк және жолаушылар тасымалын жақсартамыз. Аурухана, мектеп, балабақша, тұрғын үй тұрғызсақ та халықтың тұрмысын жақсарту үшін қомақты қаржы мен күш жұмсаймыз. Демек, қай жағынан алып қарасақ та, кез келген құрылысты экономикамызды алға сүйрейтін бүкіл өміріміздің басты саласы деп батыл айта аламыз.
Мәселе, осы біздегі құрылыс атаулының сапасыздығы мен оған бөлінген қаржының талан-таражға түсіп жатқанында болып отыр емес пе? Ал, құрылысқа аз ақша жұмсалмайтынын өздеріңіз де білесіздер. Біздің құрылыстардың сапасыздығы мен жаңадан пайдалануға берілген нысанды жыл өтпей жатып қайта жөндеуге тура келетіні жөнінде, құрылыс атаулы жемқорлардың жеміне айналғаны туралы «Қазақ үні» газеті әлденеше рет жазған болатын. Бірақ, одан не пайда? «Ит үреді, керуен көшеді» дегендей, оған назар аударған құрылыс саласы басшылары мен жоғарыда отырған осыған жауапты лауазымдыларды көрмедік. Көптеген басылымдар мен телеарналар айқайлап айтып жатса да жағдай түзелер емес. Анда-санда құқық қорғау орындары ұстап, бірді-екілі жемқорларды түрмеге отырғызғаннан да жеңілдік көрмедік. Есесіне «Бесобада бес үй құлады, Ақбұлақта алты үй қисайды, бәлен миллиард мақсатсыз жұмсалды, нысанда пайдалануға уақытында тапсыра алмады...» деген секілді ақпараттар күнде таралып жатады. Құрылысқа деген миллиардтаған қаржыны қалтасына басып шетел асып кеткендер де жетерлік. Ондай жағдайлардың атын атап, түсін түстеп тізе берсек жетіп артылады, оны өздеріңіз де білесіздер. Тіпті соған біздің құлағымыз да, бойымыз да үйреніп кеткен сияқты, былқ етпейміз. Сол құрылысқа жауапты адамдар сонда не бітіріп жүр?
Осыған дейін «Бізде осыншама құрылыс қаржысы тоналып, осыншама құрылыс тоқтап тұр» деп ашық айтқан аймақ әкімін көрдіңіз бе? Жоқ. Олар бәрін жабулы қазан күйінде қалдырғанды жөн көреді, өйткені жылы орнымнан айырылып қалам ба деп қорқады. Есеп комитеті мен құқық қорғаушылар ашқан қылмысты ғана жұртқа қайталап айтуға ғана қауқарлы. Бұл жөнінен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қала құрылыстарындағы кемшіліктер туралы бүкпесіз, ашық айтуын ерлік деп бағалауымыз керек. «Тапсырыс беруші, мердігер, жобалаушы, сараптамашылар барлығы келісіп алған» -деп құрылыстағы жемқорлықтың нақты себебін ашып берген. Оған қоса жиналыста үнемі ұйықтап отыратын қала басшысын да түйреп өтті. Сапарбаев айтқан кемшіліктерді кез келген аймақтан тауып алуға болады. Тіпті одан он, жүз есе көп жемқорлықтың бар екені де өтірік емес. Неге басқа аймақ әкімдеріне құрылыстағы қасақана жасалып жатқан қылмыстарды осылай ашық айтпасқа? Сөйтіп нақты шаралар қолданып жағдайды алдын ала өздері бас болып түземеске? Оған кім бөгет жасап отыр? Міндетті түрде Есеп комитеті тексеріп, құқық қорғау орындары қылмыстық іс қозғауы қажет пе? Әлде, осының бәрін Елбасы өзі тікелей тексеріп, бас-басына шара қолдануы керек пе? Олай болса толып жатқан мемлекеттік қызметкерлер, оның ішінде министрлер мен әкімдердің қажеті қанша? Осы іске алдымен жауапты солар емес пе?
Осындай олқылықтардың, дәлірек айтсақ жемқорлықтың орын алуы - біріншіден жауапкершіліктің жоқтығынан. Екіншіден, лауазымдылар тарапынан нақты бақылаудың мүлдем болмауынан. Аймақ әкімдерінің аудандарды аралап, қаладағы жағдайды өз көзімен көруі бізде өте сирек жағдай. Кеңседе көміліп отырған әкімнің қағаз тіркеуші хатшыдан айырмашылығы жоқ. Әкім деген Сапарбаев секілді үнемі ат үстінде жүруі қажет. Сонда ғана қол астында не болып жатқанын жақсы біледі. Басқасын былай қойып, қалада жүріп жатқан әрі кетсе жиырма шақты ең маңызды деген құрылысқа жылына жиырма күнін арнап, тиянақты түрде тексеріп бақылау жасауға болады ғой. Жоқ, біздегілер көмекшілерінің көпіртіп жазып әкелген есебімен ғана жұмыс істейді. Өздері де дәп солай жоғары жаққа есеп береді. Бір сөзбен айтқанда, жаппай көзбояушылыққа салынған.
Енді неге бақылау жоқ дегенге тоқталайық. Бұл туралы біз бұрын да жазғанбыз, тағы да қайталап айтамыз. Бақылау жасаушы тиісті орындар толып жатыр. Бірақ, олар жұмыс істемейді. Жұмыс істеп, бәрін қырып-жойып жатқандай кейіп танытады. Кемшілікті көріп тұрса да көрмегендей болады. Өйткені өздері де былыққа белшесінен батқан. Құрылыстың сметалық-жобалау құжаты аймақтардағы құрылыс басқармаларында өткізілетін тендер атты тажалдың табалдырығын аттағаннан-ақ оған бөлінген қаржы талан-таражға түседі. Нысан құрылысы көрінгенге берілмейді. Оны алу үшін құрылысқа бөлінген соманың кем дегенде 15-20 пайызын сол тендер тізгінін ұстап отырғандарға қалдырады. Одан кейін қайдағы сапа туралы сөз болуы мүмкін. Осындай былыққа батқан бақылаушылардың сапасыз құрылыс салғандарға сөзі өте ме? Жоқ. «Сұрағаныңды бердік, мазамды алмай аулақ жүр!» деуге құрылысшылар толық құқылы. Құлқыны кеңіп кеткен құрылыс саласының басшыларын одан кейін мердігерлер көзіне де ілмейді, айтқандарын құлағына да қыстырмайды. Оны тексеруге келген құқық қорғаушы немесе өзге де бақылаушы орындардың өкілдері де бос қайтпайды. Олардың да құлқынына бірдеңе тығу қажет. Сөйтіп, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық бүкіл саланы, жергілікті жерден министрлікке дейін жайлап алған. Бұл бос сөз емес, құрылысқа және біздегі басқа да салаға бөлінген қаржыны аш қасқырша талап, халықтың ақшасын тонағандардың тәжірибесінен алынған деректер осыны көрсетеді.
Қазақта «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген асқан дәлдікпен айтылған мәтел бар. Біздегі құрылыстар дәп сол қақпақсыз қалған қазанға ұқсайды. Құрылыс қазанының қақпағын жауып, қымтау ешкімнің ойына келмейді. Керісінше, қолында сәл де болса билігі барлар содан бірдеңе жұлып алып қалуға тырысады. Ондай мүмкіндікке ие болса нені болсын жіліктеп бөліп алуға дайын тұрады. Осындай тәлімі мен мәні зор мәтелді ұрпағына айтып кеткен біздің ата-бабаларымыз қандай данышпан еді. Бұдан кейін біздегі ит жалап кеткендей қақпақсыз қалған құрылыс қазанына қол сұққандарды енді қалай атасаңыздар да, кімге теңесеңіздер де өздеріңіз біліңіздер...
Зейнолла АБАЖАН,
qazaquni.kz