Елімізде өзін-өзі өртейтін адамдар неге көбейіп кетті?
2016 ж. 29 желтоқсан
3852
5
Былтыр қазан айында Тараздағы “Нұр Отан” партиясы ғимараты жанында Ерлан Бектiбаевтың үстiне жанармай құйып, өзiн-өзi өртегенi елдiң есiнен шыға қойған жоқ. Ол оқыс қадамға барардың алдында полиция қызметкерлерiнiң қалтасына есiрткi салып, Данияр Райымбаев деген жiгiттiң өлiмi бойынша қыспаққа алғанын айтқан едi. “Басатын тауым, барар жерiм жоқ, өзiм жетiм баламын, шешем қайтыс болып кеткен...өзiме қол жұмсау себебiм сол. Өмiрден түңiлдiм, өмiр сүргiм келмейдi” деген болатын шарасыз жiгiт... Денесiн түгелдей күйiк шалған Ерланның “Көмектесiңiздершi, өтiнемiн” деген ақырғы сөздерi – жан айқайы әлi күнге құлақтан кетпейдi.
Содан бергi аралықта бiр жылдан астам уақыт өттi. Биыл Жамбыл облысында Данияр Райымбаевты өлтiргендер сот алдында тиiстi жазаға кесiлдi. Ерлан Бектiбаевтың ешқандай кiнәсiнiң жоқ екендiгi ақыры дәлелдендi. Алайда бәрi кеш. Қыршынынан қиылған жас жiгiттiң өмiрiн ендi ешкiм де қайтарып бере алмасы айдан анық...
[caption id="" align="aligncenter" width="696"] Кәсіпкер Нүркен Айнабеков[/caption]Ал 22 желтоқсанда Шымкентте облыстық прокуратураның алдында 49 жастағы Нүркен Айнабеков те үстiне жанармай құйып, өзiн-өзi өртедi. Денесiнiң 60 пайызын күйiк шалған ол қазiр ауруханада жатыр. Бұған дейiн, дәлiрегi 28 қарашада Жамбыл облысы Шу ауданынан Астанаға барған Майра Рысманова ұлы Ербол Ахметовтың жазықсыз сотталғанына наразылық ретiнде Бас прокуратураның алдында өзiн-өзi өртедi.
Ұлы үшiн осындай құрбандыққа барған ана ауруханада жатып жантәсiлiм еттi.
Жалпы, соңғы кездерi өзiн-өзi өртеу немесе өртеймiн деп қорқыту фактiлерi тым жиiлеп барады. Неге? Осы уақытқа дейiн мұның себебiне үңiлiп, алаңдаушылық бiлдiрiп жатқан не билiктi, не құзырлы органдарды көрмедiк. Себебiн бiлмейдi емес бiледi, бiрақ үндемейдi. Кiнәнiң ұшы өздерiне барып тiрелетiнiн түсiнгеннен кейiн осылай iстейтiн шығар, бәлкiм. Өздерiңiз ойланып көрiңiздершi, егер полиция, прокуратура, соттарда әдiлдiк болса, есi дұрыс адам жұрттың көзiнше өзiне-өзi от қойып, өзiн-өзi жантүршiктiрер азапқа салар ма едi?! Адамды осындай ақырғы қадамға алып барған әдiлетсiздiк, соттар мен қылмыстық қудалау органдарының сорақылығы емей немене?
Шымкенттiк кәсiпкер Нүркен Айнабековтiң шындық таппай шырылдағанына екi-үш жылдың жүзi болды. Уақтысында ол әдiлдiктi ақпарат құралдары арқылы да iздеген. Алайда таскерең құзырлы органдар оның айтқанына құлақ асқан жоқ. Мәселенiң қысқаша мән-жайына тоқталар болсақ былай: 2010 жылы “ОҚО Әкiм аппаратының шаруашылық басқармасы” ЖШС-i Шымкент қаласы “Қайтпас” ықшамауданындағы отбасылық амбулаторияға күрделi жөндеу жұмыстарын жүргiзудi тендерде ұтып алады. Алайда басқарма ешқандай құрылыс жұмыстарын жүргiзбеген көрiнедi. Бұл жұмыстарды қосалқы мердiгер ретiнде тартылған Н.Айнабековтiң иелiгiнде “Саят-жан” құрылыс компаниясы атқарған.
Алайда мердiгердiң еңбекақысын төлеуге келгенде шенеунiктер созбалаңға салған. Созабалаңның ақыры алаяқтыққа ұласқан. Облыс әкiмi аппаратындағы лауазымды қызметкерлер Н.Айнабековтi “ана жерден тендер әперемiз, мына жерден ақыңды өндiремiз” деп, өтiрiк уәдемен алдаған. Тiптi, жұрт арасында ХОЗУ деп аталып кеткен “ОҚО Әкiм аппаратының шаруашылық басқармасы” ЖШС-iнiң сол кездегi басшысы Жамбыл Байғонов Н.Айнабековтiң есебiнен алдыртылған құрылыс материалдарын өз үйiне түсiртiп, бас пайдасына жаратып жiберуден де ұялмағаны, қарсы жақ арызды қайта алдырту үшiн жалған құжат жасауға, тiптi бандит жiберуге дейiн барғаны ақпарат құралдарында айтылды. Шенеунiктердiң өтiрiк уәдесiне әбден тойған Н.Айнабеков бұдан кейiн құзырлы органдарға арызданған. Өткен қазан айында Ж.Байғонов Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының үкiмiмен 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл кезде Айнабековтiң маңдай ақысын бермей жүрген шенеунiктердiң алды Мәжiлiс депутаттығына сайланып кеткен. Жiптiң ұшын қайта-қайта тарта берсе, түбi жиған-терген абыройларының айрандай төгiлерiн бiлген олар шындық iздеп шырылдап жүрген Н.Айнабековтiң қалайда үнiн өшiруге күш салған сияқты. Ұзамай оның үстiнен қылмыстық iс қозғалады, ал оның ақыры өзiн-өзi өртеуге алып келдi.
Осы оқиғадан кейiн Оңтүстiк Қазақстан облыстық прокуратурасы арнайы мәлiмдеме таратты. Оған қарағанда, Н.Айнабековке қатысты 4-бап бойынша қылмыстық iс қозғалған. 12 желтоқсанда бiрiншi сот отырысы өткен. Екiншi отырыс 22 желтоқсанға, яғни Айнабеков өзiн-өзi өртеген күнге белгiленген екен.
Н.Айнабеков өзiн-өзi өртер кезде оны әлдебiр азаматтар бейнетаспаға түсiрген. Зардапшегушi бейнежазбада өзiн-өзi өртеуге тергеушiлердiң “кеңес” бергенiн, ешқандай әдiлдiкке қол жеткiзе алмағанын айтады. Өзiне-өзi от қоярда оның шарасыздықтан жылап тұрғаны анық байқалады...
Бас прокуратура алдында өзiн-өзi өртеген Майра Рысманованың 1988 жылы туған ұлы Ербол Ахметовке Жамбыл облысы Шу аудандық сотының 2015 жылдың 15 маусымында шығарған үкiмiмен танысудың сәтi түстi. Үкiмге қарағанда былтыр 28 ақпанда полиция қызметкерлерi жедел iздестiру шараларын жүргiзу барысында Е.Ахметовтiң көлiгiн тоқтатады. Е.Ахметовтiң жеке басын қарау барысында шалбарының оң қалтасынан 3,500 грамм героин және автокөлiктiң жүк салғышынан 285 грамм гашиш алынған. Сотта Е.Ахметов полиция қызметкерлерi өзiн ұстау барысында қалтасына және автокөлiгiнiң жүк салғышына есiрткi заттарын салып жiбергендерiн, өзiне жала жабылып отырғанын алға тартқан. Тiптi ол бұл сөзiн айғақтайтын куәгерлердi де шақырған. Алайда сот куәгерлердiң сөздерiне сенбей, Е.Ахметовтi төрт жарым жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегi түзету мекемесiнде өтеуге соттаған. Таңғаларлығы сол, бертiнде Е.Ахметовтi ұстау операциясына қатысқан облыстық iшкi iстер департаментiнiң қызметкерi Жидешев Е. Ахметовтi ұрып соғып, зиян келтiргенi үшiн Тараз қалалық сотының үкiмiмен сотталған. Рас, бұл үкiм әзiрге заңды күшiне енбеген. Бiрақ бiр айта кетерi, Е.Ахметовтiң кiнәсiн дәлелдеу барысында дәл осы Е.Жидешевтiң берген баянаты негiзгi айғақ ретiнде есептелген. Е.Жидешевтiң өзi де сотта басты куәгер ретiнде жауап берген. Сонда бұл қалай? Осыдан бiрер күн бұрын тергеушi Жидешовтiң туыстары iстiң бүгiнгi беталысына алаңдап “егер өртеумен мәселенiң бәрi шешiле беретiн болса бiз де алаңға шығып баламызды өртеуге дейiн барамыз” деп Шуды бiр шулатып тастады. Дәл өртенiп өлген әйелдiң жаназасы шығарылған күнi.
Қазiргi уақытта Бас прокуратура тұрғындардың құзырлы органдарға қатысты арыз-шағымдардың көбейiп кетуiне байланысты Жамбыл облысына арнайы ведомствоаралық топ жiбердi. Топты бас прокурордың орынбасары Еңлiк Кененбаев басқарады. Осы топ тексерудi алдымен өз әрiптестерiнен бастағаны дұрыс-ау.
Ғалымжан ЕЛШIБАЙ,
Дереккөз: Жас Алаш