«Астана – мейірімді қала!» осылай аталатын акцияның басталғанына көп болмаса да ауқымы күннен-күнге ұлғайып, елордалықтар тарапынан қызу қолдау тауып үлгерді. «Нұр Отан» партиясының елордалық филиалының есептік-сайлау конференциясы барысында Астана әкімі Əсет Исекешев желтоқсанның 1-і мен 31-і аралығында «Мейірімді қала» акциясы өткізілетінін мәлім еткен болатын, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
"Астана - мейірімді қала" акциясы жалғасып жатыр (ФОТО)
2016 ж. 07 желтоқсан
2316
0
Акция аясында әкімдік қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар, белсенді азаматтар мен қарапайым тұрғындар зағип жандар, көп балалы отбасылар, мен кез-келген көмекке зәру азаматтарға көмек көрсетуде. «Оң қолыңмен бергеніңді сол қолың көрмесін» дейтін ұлттың ұрпағымыз. Дейтұрғанмен өзгенің де жүрегіне мейрім ұялатып, өзінен аспаса да аузынан жырып берер мәрттіктің үлгісін көрсету мақсатында елордалықтар өздері жасаған көмектерін #астана_мейірімді_қала хэштегін белгілеп, әлеуметтік желілерде бөлісіп жатыр.
Акцияның мақсаты жалғызбасты зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері, барлық топтағы мүгедектер, мүгедек балалар, тұрмысы төмен отбасылар, көп балалы отбасылар, жетім балалар, онкологиялық ауруға шалдыққан балалар, сал ауруына шалдыққан балалар және туберкулезбен ауыратын балалар сияқты азаматтардың санаттарына көңіл бөлу және қамқорлық көрсету.
Сондай бір көмек астаналық жалғызбасты анаға көрсетілді. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысының міндетін атқарушы Жомарт Айтқазы өзінің Фейсбук əлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
«Астана – мейірімді қала» акциясы аясында елордалық əкімдік Назгүл Сағитова есімді жалғызбасты анаға көмек көрсетті. Астана тұрғыны үлкені 12 жастағы, кішісі 4 жастағы екі қыз тəрбиелеп отыр. Кенжесінде сал ауруы анықталған. Бүгін бұл отбасыға ойыншықтар мен балалар тағамдары сыйға тартылды. Кіші қыз анасының келісімімен "Нұрлы Жүрек" əлеуметтік қызмет көрсету орталығының күндізгі бөлімінде ем қабылдайтын болды. Бұл орталыққа күнделікті апарып-əкелу мəселесі де шешіліп, енді анасына жұмысқа орналастыру қарастырылып жатыр» - дейді Жомарт Айтқазы.
Жыл сайын Елбасы өз Жолдауында әлеуметтік саясатты іске асыру сапасын ерекше бақылауда ұстауды тапсырып келеді. Әрине, мемлекет өзінің барлық әлеуметтік міндеттерін орындайды. 2016 жылы қала әкімдігімен 130 мыңнан аса адам әлеуметтік қолдаумен қамтылды. Атап айтқанда, мүгедектер мен зейнеткерлерге медициналық көмек көрсету, дәрілік заттармен қамтамасыз ету, тегін және жеңілдікті санаториялық-курорттық емдеу және т.б.
Атап өтейік, Астана әкімі Əсет Исекешев өз кезегінде бизнес-қоғамдастықты да аталған акцияны қолдауға шақырған болатын.
Фейсбук әлеуметтік желісіндегі #астана_мейірімді_қала хэштегімен белгіленген фотолар пайдаланды