Сәуле Әбединова: Шапалақты өздері тілеп алатын әйелдер бар
2016 ж. 15 қазан
5376
0
Кезінде «Ақжүніс» бағдарламасын жүргізіп, әйел жанының қыр-сырына үңілген танымал журналист Сәуле Әбединова ikerim.kz сайтына берген сұхбатында бүгінгі қазақ әйелінің тағдырына қатысты ой-пікірін ортаға салыпты. Сұхбаттың осы бір тұсын ойып алып, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
– Көпшілік қыздардың зорлық-зомбылыққа тап келуіне қандай себептер болуы мүмкін, деп ойлайсыз?
«Сақтансаң — сақтаймын» деген. Ең алдымен, қыздар өздерін сақтау керек, таңға дейін түнгі клубта қыдыру, ішімдікке әуестену – зорлық-зомбылыққа апаратын бірден-бір фактор. Бұл фактордың ар жағы — тәрбие мәселесіне кеп тіреледі. Екінші бір себебі – жігіттердің нәпсіқұмарлығы… Үшінші себеп – қыздарға зорлық жасайтын еркектердің психикасының ауытқуы. Төртіншіден – зорлық жасайтындар үшін заңның солқылдақтығы. Заң қатал болса, тіпті, өлім жазасына дейін жеткізетін заң болса, онда «күштілер» нәзік жыныстыларға зорлық жасамас бұрын, ойланар ма еді…
– Неге қазақ әйелі күйеуінің ұрғанына көндігіп кеткен?
Бір-екі шапалаққа көнуге болады. Кейде сол шапалақты өздері тілеп алатын әйелдер бар. Ал енді өмір бойы күйеуінің таяғы мен тепкісінің астында өмір сүріп жүре беретін әйелдер – бейшаралар. Жалпы, қазақ әйелінің болмысы — о бастан көнбіс, жуас, момын болған ғой. Бірақ, «әйелім көнбіс бейшара» деп, ата-бабаларымыз апаларымызды тепкілей бермеген шығар?..
Еркектің еркектік мінезіне байланысты деп ойлаймын. Кейбір ездер үшін әйелдерін сабау – мақтаныш.
Ал нағыз еркектер әйелге қол көтеруді намыс санайды. Қазіргі заманның әйелдері ондайға көнбейді де. Алдыңғы буын апаларымыз, тіпті, біздің буын күйеулерінің таяғына көнер, бір ұрпақ алмасқан соң, бұл да қалады деп ойлаймын. Өйткені уақыт басқа, заман басқа, «заманына қарай — адамы», демекші, ұрпақ басқа… келер заманның әйелдері күйеулерінің тепкісі түгіл, шапалағына көнбейтін болады…
Және біздегі бір жайт, жалғызбасты аналардың бұрынғы күйеуіне салық салмауы. Бұл еркектерді есіртіп жібермей ме?
Әрине, әйел баланы күлге аунап таппайды, әр баланың әкесі бар. Бала – екеуге ортақ болғандықтан, оның ыстық-суығын екеуі бірге көтеруге міндетті. Заң да, мораль да осы міндетті екі адамға бірдей жүктейді. Баланы тудыру бар да, оны бағып-қағып, өсіру бар, дұрыс тәрбие беріп, қоғамның саналы, пайдалы мүшесі етіп шығару бар.
Бұл оңай емес. Не себепті өмірден өз орнын таппай, басын тауға да, тасқа да соғып жүрген жастар көп? Оның басты себебі – әу баста отбасылық жылылық, отбасылық тәрбие алмағандықтан, ата-ананың мейірі мен тәрбиесін тең көрмегендіктен жастар адасады деп ойлаймын. Қазіргі заманда жалғызбасты тұрмақ, бір шаңырақта тату-тәтті тұрып жатқан кей ата-ананың балаға қарауға уақыты жоқ. Әрқайсысы өз беттерінше өмір сүреді. Жақсы мен жаман олардан да – толық отбасынан да шығады…
Адам өзі сезініп, өзі түсінбесе, онда «сұрап» алған махаббат, «жалынып» алған мейірім, «тартып» алған ақша – балаға құт болмайды. Мен де екі баламды жалғыз өсірдім. Мен де сіз айтып отырған «салықты» — алиментті күйеуімнен талап еткен жоқпын. Ол үшін «есіріп» кетсе – өз санасыздығы. Обалы не керек, мүмкіндігіне қарай, балаларына қолдау көрсетуге тырысты, деп ойлаймын. Менің одан алимент талап етуіме болар еді – намыстандым, «одан бір тиын да сұрамаймын» деген қағиданы ұстандым.
Көмектесуім керек деген жауапкершілікті өзі сезініп, өзі балаларының бір «жыртығын» жамап жатса – өзі білсін, ол да өз абыройы – баласының алдында жүзі жарқын болады. Көмектеспесе – тағы өзі білсін деген ой болды. Жақсылық та, жамандық та адамның алдынан шығады, адам жақсылық істесе де – өзі үшін, жамандық істесе де – өз үшін істейді.
Менің көзім жеткен нәрсе, ажырасып кетсе де, бала-шағасына мейірім бере алатын еркектің жолы ашыла түседі екен, ал бала-шағасынан мейірімін аяған әкенің ісі де берекесіз болады, Алла тағала ретін өзі солай келтіреді ғой… Осы философияға көзім жеткенде, таңғалдым…