ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚАРЖЫСЫ ЕНДІ «МЕГА» САЛУҒА ЖҰМСАЛА МА?
2016 ж. 13 тамыз
2023
0
Жақында Үкіметтің шешімімен Біріңғай зейнетақы қорындағы 117,5 миллиард теңге дағдарыстан дал-далы шыққан экономиканың жыртығын жамауға жұмсалатыны айтылды. Оның 15 миллиардқа жуығы ендігі жылы Елордада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің ғимараттарын салуға бөлінетіні де мәлім болған.
Сонымен ол не қылған ғимараттар? Өткенде саудагер Смағұлов Елбасының алдында есеп беріп, бір ғимаратқа ат таба алмай, «Нұр плаза», «Мега плаза» деп мандырап еді. Енді сұрақ? Ел ішінде ЭКСПО-ға қатысты алып-қашпа әңгімелердің өріп жүргені белгілі. Сонда Үкімет Смағұловтың саудасын жүргізу үшін халықтың қаржысын оның плазаларына жұмсамақ па?
radiotochka.kz басылымның ресми сауалына «Mega Center Development» жауап беріп, ЭКСПО аумағында сауда ойын-сауық орталығының салынып жатқанын және оған БЗЖҚ қаржысы тартылғанын айтқан.
Сондай-ақ, ресми жауапта былай деп жазылыпты: «ЭКСПО-2017» территориясында салынып жатқан Mega Silk Way сауда ойын-сауық орталығының құрылысына қосымша ақша тартылды. Ол ақша нарықтық жағдайда «Бәйтерек Девелопмент» АҚ-дан алынып отыр. Кепілдік қойылған, және ол қаражаттар қайтарылады».
Десе де дереккөздері қаражат сомасын «конфеденциалды» болғандықтан жасырып қалған.
Тек белгілі болғаны Халықаралық көрме аумағында ойын-сауық кешенін салып жатқанын «Mega Center Development» жасырмапты.
Естеріңізде болса, биылғы жылдың 14-наурызы күні «Астана» арнасынан сұхбат берген Қазақстан Даму банкі басқармасының орынбасары Елана Когай ханым БЗЖҚ-дан қомақты қаржы ЭКСПО құрылысына жұмсалатынын айтқан еді.
Қош, «Мега» ресми түрде ЭКСПО жобасы емес делік. Ал Когай ханымның сөзіне назар аударсаңыз, «жобалардың бірін» қолдауға және «керек» дейді.
«Бұл жерде «Бәйтеректің» өзге еншілес компаниясы – «Бәйтерек Девелопмент» тартылып отыр. Бұл "ЭКСПО-2017" көрмесінің түрлі жобаларына қатысып жүрген компания. Сондықтан, Даму банкі арқылы MEGA Silk Way құрылысын қолдауды сұрап отыр. Әуелде 15 миллиард теңге деп жоспарланғанымен, бөлінетін сома одан аз болуы да мүмкін»,-депті Когай ханым.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Қазақстанның Даму банкі қазақстандықтардың зейнетақы қорынан 15 миллиард теңгеге жуық қаржыны «ЭКСПО-2017» құрылысына жұмсайтынын мәлімдеген болатын.
Кейін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК-ның қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов бөлінетін қаржының ойын-сауық кешендеріне емес, нақты ЭКСПО жобасы аясында салынатын ғимараттар құрылысына жұмсалатынын мәлімдеген. Ал жекелеген жобалардың Халықаралық көрмеге еш қатысы жоқ екендігін айтқан. Мұндай жекелеген инвестициялық жобалардың ішінде Нұрлан Смағұловтың МЕГА сауда ойын-сауық кешені де бар екен.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz