Олимпиадада өзге елдің намысын қорғайтын қазаққа қатысы бар спортшылар кімдер? (фото)
2016 ж. 11 тамыз
2702
0
Рио Олимпиадасында қазаққа қатысы бар бірнеше спортшы өзге елдердің намысын қорғауда. NUR.KZ шетелдік құрамалардың сапында жүрген спортшыларды назарларыңызға ұсынады.
Теймур Маммадов (Әзірбайжан)
Бокстан 91 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін Теймур Маммадов Рио Олимпиадасының ашылу салтанатында Әзірбайжан құрамасының туын алып шықты. Бокстан Еуропа чемпионы атанған Теймур Лондон Олимпиадасында қола жүлдегер атанған болатын.
Алматыда өткен әлемдік сында да Маммадов үздік үштіктен көрінді. Сонымен қатар, Теймур Еуропа ойындарының чемпионы да атанды.
Ал әзірбайжандық боксшының нағашылары - Оңтүстік Қазақстан облысының тумалары. Теймур анасының туған жеріне жиі келіп, әсіресе, Шымкент қаласында көп қонақ болады. Еліміздегі көптеген жанкүйерлер Алматыдағы әлем чемпионатында Теймур Маммадовты қазақтың жиені деп көтермелеген болатын.
Ерланбек Кәтейұлы (Қытай)
Еркін күрес шебері Ерланбек Кәтейұлы Рио Олимпиадасында Қытай құрамасының намысын қорғайды. Этникалық қазақ балуаны Олимпиада ойындарына тұңғыш рет қатысқалы отыр.
Ерланбек Қазақстанға бірнеше мәрте келіп, түрлі турнирлерге қатысқан болатын. Оны Олимпиада ойындарына Қытайдағы қазақ бапкері дайындаған. Қой бағып өскен шопанның баласы Азия ойындарында қола жүлде иеленді. Ал 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына жолдама беретін турнирде ол Ақжүрек Таңатаровтан ұтылған.
Ерланбек спорттық мансабын аяқтаған соң бапкерлікті қолға алғысы келеді.
Артем Чеботарев (Ресей)
Бокстан Еуропа чемпионы, Ресей құрамасының үздігі, 75 келіде сынға түсетін Артем Чеботарев те қазақ халқының жиені саналады. Артемнің анасы - қазақ. Боксшының үлкен спортқа жол тартуына нағашы ағасы Еділбай Қазиев үлес қосқан.
"Менің анам Дина - қазақ қызы. Сондықтан, Алматыға келсем, өзімді үйімде жүргендей сезінемін. Ресейде тұрсақ та, біз қазақтың етін асып, бауырсақ пісіреміз. Қазақ халқына жақын екенім рас", - деген болатын Артем сұхбаттарының бірінде.
Чеботаревтің әлем чемпионатында алған екі қола жүлдесі де бар.
Елмұрат Тасмұрадов (Өзбекстан)
Грек-рим күресінен 59 келіде сынға түсетін Елмұрат Тасмұрадов Өзбекстанның қазақтар көп мекендейтін Бостандық ауданында дүниеге келген.
Тасмұрадов осыған дейін үш рет Азия чемпионы атанып, әлем чемпионатында екі мәрте қола жүлде иеленді.
Бала күнінде Қазақстанға келіп, Б. Саттарханов атындағы спорт-интернатты тәмәмдаған ол өзіне Қазақстан құрамасынан орын табылмағасын, Өзбекстан намысын қорғап жүр. Елмұрат Өзбекстан құрамасы жүлде күтіп отырған балуандардың бірі.
Елнұр Әбдірайымов (Өзбекстан)
Өзбекстанның Бостандық ауданында дүниеге келген тағы бір қазақ боксшысы Рио Олимпиадасына жолдама жеңіп алған болатын. Елнұр Әбдірайымов Дохада өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған. Сонымен қатар, Бүкіләлемдік бокс сериясы аясындағы өте сәтті өнер көрсетіп жүр.
Алайда, Елнұрды өзбекстандық бапкерлер Олимпиадаға алмай кетті. 60 келі салмақтағы Хуршид Тожибоев Рио шаршы алаңында сынға түсуде. Ал Елнұр болса, түбінде Олимпиада чемпионы атанатынына сенімді.
Қазақ тілінде еркін сөйлейтін Елнұрды болашақта олимп биігінен де көруіміз мүмкін.